Ол қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2 тармағы бойынша (азаптау, ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату) кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы сот залынан қамауға алынды.
Сот сөйлеу, көру, есте сақтау қабілеттерінен айырылған, денеменциямен ауыратын науқастар мен ерекше қажеттілігі бар кәмелетке толмаған баланың құқығы бұзылғанын анықтады.
"Жәбірленушілердің ерекше күтімді қажет ететі және сотталушы тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Айыпталушы медициналық мекемеде жұмыс істеп жүріп, жәбірленушінің денсаулығы жайлы біле тұра, оның бөксесінен теуіп, артынша төсегіне баруға бұйырған. Содан кейін бірнеше рет басынан ұрған. Науқастың тістері болмаса да, нанның қатты бөлігін жеуге мәжбүрледі", – деді судья Бағлан Ыдырысов.
Айыпталушы тағы бір жәбірленушіге тамақтанып жатқанында жыныс мүшелерінен "тұз шығаруға" мәжбүрлеген.
"Ол баланы қиындықпен отырып-тұруына мәжбүрлеп, қолдарынан тартқан. Сұқ саусағын баланың спорт киімінің сыртынан жамбасына сұқпақ болды. Барлық қылмыстық әрекеттерін ұялы телефонына түсіріп, достарына жіберген. Ж. қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Ж.-ға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертілсін, дереу қамауға алынсын”, – деді судья.
Судья жәбірленушілерге 4 млн теңге көлемінде моральдық залал төлеуге міндеттеді.
Сотта айыпталушының адвокаты студенттің жасаған іс-әрекетін мойындағанын және өкінетінін жеткізді.
"Сол себепті қылмыстық іс бойынша шешім қабылдайтын кезде эмоцияға берілмеуді сұраймын. Дәлел ретінде ұсынылған кей видеоның сотталушыға қатысы жоқ. Ол істемеген әрекеті үшін жазаға тартылмауы үшін істі тек тағылған айып бойынша қарауды сұраймын. (...) Іс бойынша бас бостандығынан айырудан басқа жаза түрін тағайындауды сұраймын. Себебі қаралып жатқан бап бойынша бас бостандығынан айырудан бөлек бас бостандығын шектеу жазасы да қарастырылған. Ол әрекетіне өкінеді, бір жәбірленушімен татуласты. Басқа жәбірленушілермен татуласу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Әзірге ортақ бір шешімге келген жоқпыз. "Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш" дейді қазақ. Сол себепті ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын", - деді сотталушының адвокаты.
Адвокат жазадан босатуды сұрап отырмағанын, оның тарапынан екі рет әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, сотталушы бірден қамауға алынатынын айтты.
Ол сот процесінің ашық өтіп жатқанын, сотталушының ұяттан өзіне қол салмақ болғанын айтты.
“Менің іс-әрекетімді ақтау мүмкін емес. Жәбірленуші тараптан кешірім сұраймын. Менің әрекетім моральді-психологиялық залал келтірді. (...) Басқа қызметкерлерге қарап, олардың мақсатына жетіп жатқанын көрдім. Содан кейін қате жолға түсіп кеттім”, - деді сотталушы Ж.К.
Прокурор Қарлығаш Ерғалиева қылмыстық іс бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы іс бойынша кәмелетке толмаған балалар мен дәрменсіз жағдайдағы адамдардың мүддесі қозғалғанын алға тартты. Сондай-ақ бұл жағдайдың қоғамда резонанс тудырғанын айтты.
“Соттан сотталушы Ж.К.-ны қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2 тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраймын”, - деді прокурор.
Айта кетсек, айыпталушы бұған дейін егде жастағы науқастар мен ауыр диагноз қойылған балаларды қорлағанын жазған едік. Ол хосписте жұмыс істеп, науқастарды ұрып-соғып, олардың нәжісін жеп жатқанын видеоға түсірген.
Сотталушы науқастарды қорлап қана қоймай, онысын видеоға түсіріп, жалпы чатта мектептегі достарына жіберген.
Видеолардың бірінде жігіт балағат сөздер айтып, қорғансыз қарияның басынан алақанымен бірнеше рет ұрғанын көруге болады. Екіншісінде төсекте жатқан дәрменсіз қарт әйелді балағаттайды. Үшіншісінде еденде еңбектеп жүрген аутист баланың жамбасына қол сұғады. Жалпы сотта оның телефонынан осы сарында 10-нан аса жазба көрсетілді.
Соңғы сот отырысында жәбірленушілердің әрқайсысы сотталушыдан 5 миллион теңгеден екі азаматтық талап арыз берген. Ол 300 мың ғана төлей алатынын айтты. Сондықтан жауапкер азаматтық талаптарды толық мойындамағандықтан, іс қысқартылған түрде емес, жалпы тәртіпте қаралды.
Студент сот шешімімен 4 жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушы осы уақытқа дейін өз кінәсін мойындағанмен науқастарды неліктен қорлағанын айта алмаған еді.