Қазақтың төрт танкшы қызы жайлы деректер неге мардымсыз

14.12.2023, 09:10
741
Қазақтың төрт танкшы қызы жайлы деректер неге мардымсыз

Ұлы Отан соғысында қазақтың өрімдей төрт қызынан құралған танк экипажы майдан даласында жаумен шайқасқаны жайлы дерек келтірілген. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Бүкіл майдан бойынша төрт қыздың танкті тізгіндеп экипаж құрғаны жайла өзге мәлімет кездеспеген. Танкші әйелдер болды. Бірақ олар танкші ерінің жанында бірге соғысқан орыс, украин әйелдері еді. Олар күйеулерінің қасында радист, атқыш немесе жүргізуші болды. Соғыста бар-жоғы 20 танкші әйел болған екен. Бірақ олардың тізіміне төрт қазақ қызының есімдері енгізілмеген көрінеді. Жалпы қазақтың төрт қызынан құралған танк экипажы, олардың ерлік жолдары туралы деректер әдейі жабық ұсталған сияқты. Соған байланысты, майдангер төрт қызымыз туралы хабар да тым мардымсыз, там-тұмдап қана сақталған. Бір деректе олар 1944 жылы желтоқсанның басында қаза болды дейді. Енді бір деректе төртеуі де хабар-ошарсыз кеткен деп те келтіреді. Қалай болғанда да, олардың толық бір экипаж болып танкпен соғысуы және жасаған ерліктері бүркемеленген бе деген ойда қаласыз. Ұлы Отан соғысында ұлттық республикалардың өкілдерінің жанқиярлық ерліктері төмендетілген бе екен... Кім білсін, көре алмаушылықтың немесе ұлттық республика жауынгерлерінің абыройын асырмау пиғылының салдарынан соғыстағы ролін төмендетудің болуы әбден мүмкін. Талай ерліктің бүркемеленгені жайлы әңгіме де көп.

Танкші төрт қызымыздың майданда қаза болғанына тура 79 жыл толып отыр екен. Бұрын таратылған мәліметтер аз болса да көпшілікті тағы да құлағдар ете берудің артықтығы болмас деген ойдамыз. Себебі көңілді қамықтыратын бұл таңғажайып деректен хабары жоқ жандар да жоқ емес. 

Өрімдей жап-жас төрт қызымыздың танкшілерді даярлау курсында оқығаны, Курскіде және Латвия жерінде соғысқандары, жаудың танктерін, бекіністерін және жаяу әскерін жойғаны жайлы деректер бар екен. Олардың төртеуі де Қарағанды облысының қыздары еді делінеді. Туыстары кімдер болғаны жайлы мәлімет жоқ. Жалпы, соғыстан бұрынғы қуғын-сүргін кезеңнен аман қалған туыстары бар ма еді, ол жағы да белгісіз. Мүмкін жетімдер шығар, жетім болмаған күнде де әкелері соғыстан қайтпады ма екен... Осы қыздарды менің туысым деп шығып жатқан не отбасы, не адам жоқ.

Қарағанды облысынан соғысқа аттанып, танк экипажы болған төрт қызымыздың аты-жөндері – экипаж командирі әрі көздеуші, кіші сержант Жамал Байтасова, оқтаушы-атушы Күлкен Тоқбергенова, механик-жүргізуші Күнжәмила Талқанбаева, радист-пулеметші Жәмила Бейсенбаева. Соғыста оларға Топатай Жүнісов деген қызыләскер жауынгері кезіккен екен. Сол қазақ жігіті танкпен соғысып жүрген төрт қызымыздың аты-жөндерін жазып алып, мақала дайындаған.

Сөйтіп мақаласын Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетіне поштамен жіберген. Мақала газеттің 1944 жылдың 22-тамыздағы санында жарық көрген.  Мақалаға «Танкшы қазақ қыздары» деп тақырып қойған. Онда мынадай жолдар бар:

«Ұлы Отан үшін ұрыстарда қазақ қыздары да мәңгі өшпес даңққа бөленуде. Олар өздерінің жастығына қарамастан, аз уақытта соғыс техникасын меңгеріп, танкшы, ұшқыш, атқыш және даңқты барлаушы болып алды. Солардың бірі – омырауында «Батырлығы үшін» медалі жарқыраған командир, кіші сержант Жамал Байтасованы көресіз. Жамалды біздің бөлімшенің жауынгерлері тегіс біледі. Сөзге шешен, іске шебер жауынгер Жамал зұлым жауға қарсы ұрыстарда ерліктің, табандылықтың, қажырлылықтың үлгілерін көрсетуде. Танкшылар шабуылға шығып, немістерді қаладан жөңкілте қуды. Литваның сәнді, сәулетті қалаларын жендеттер аяусыз талқандаған екен. Бір кезде Жамалдың танкы жаудың күтпеген жерінен шығып, немістерді баса жаншып, олардың оқ ататын ұяларының үнін өшірді. Орта бойлы күлім көз Күлкен Тоқбергенова жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашатын, жаудан «тіл» әкелетін барлаушы болды, барлау жұмыстарында командованиенің тапсырмаларын батылдықтан орындағаны үшін үш рет наградталды. – Танкке мініп, жауға шабуыл жасадық, немістер күтпеген жерден берілген қатты соққыға табан тіреп қарсылық көрсетуге шамасы келген жоқ. Зеңбіректерін тастап қаша жөнелді. Бұл күнгі ұрыста немістердің ондаған солдаттары мен офицерлерінің өлігі жайрап қалды, көп олжалар қолға түсті. Командованиенің бұйрығы абыроймен орындалып, танк бөлімінің алға басуына жол ашылды, – дейді Күлкен өзінің әңгімесінде. Бөлімшедегі танкшы қазақ қызы Күлжәмила Талқанбаеваның ерлік істері ерекше көзге түседі. Ол бір күнгі болған ұрыста жаудың 5 атыс ұясын жойып жіберді. Күлжәмила атакаға шыққанда сондай шеберлігімен алға ұмтылады. Осылардың ішінде радист, пулеметші Жәмила Бейсенбаева да өзінің қызметін жақсы атқарады. Міне, бұларлың ерлік істері қазақ халқын мақтаныш сезіміне бөлейді. Танкшы қыздар, даңқтарың арта берсін! Топатай Жүнісов, медальді сержант. Полевая почта – 280054 – О». 

Қазақ жауынгерінің жазғаны осы. 1975 жылы майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев «Қазақ әдебиеті» газетінің осы төрт танкшы қазақ қыздарының Балтық бойындағы шайқастардың бірінде  қаза тапқанын жазды.

Сақталған тағы бірер деректер де бар. Қарағандылық төрт қыз танк экипажына қажетті әскери мамандарды дайындайтын қысқамерзімді курста жолығып танысқан, сол кезде төртеуі ескерткішке фотоға түскен.  Сақталған жалғыз фото да осы ғана.

Танкшыларды даярлайтын курсты жүргізген Осипова деген лейтенанттың төрт қызымыз танк экипажы бола алатыны туралы рапорты ғана сақталған. Онда:

«Экипаж жедел курсты жақсы меңгерді, танктің техникалық жағдайын қарайтын және жөндей алатын дәрежеде. Тактикалық әдіс пен нұсқауларды, топографиялық карта бойынша ориентация жасауды өз дәрежесінде біледі. Қашықтан және жақыннан ату полигонында да үздіктер қатарында болды» делінген.

Танк экипажының командирі, кіші сержант Жамал Байтасованың майданның басқа қиырында соғысып жүрген әкесі Асанға жазған хаты сақталыпты. Онда: «Әке, өз міндетімді орындап, жеңіспен үйге оралуға уәде беремін. Қасымдағы үш құрбым да қазақ қыздары. Құшақтап, бетіңнен сүйдім. Қызың Жамал» деген жолдар бар.

Соғыста танк экипажын құрып жаумен шайқасқан төрт қыздың болуы жалғыз ғана оқиға. Қазақ қыздарының экипажынан өзге мұндай оқиға Ұлы Отан соғысының тарихында кездеспеген. Бір өкініштісі, соғыс кезіндегі әскери штаб немесе командование қазақтың осы төрт қаракөз қызының ерлік жолдары туралы деректерді сақтамаған. Ал кеңестік биліктің өзі мұндай деректі жабық ұстаған болуы да ықтимал. Ресейдің «Мемориал Великой Отечественной войны» ұйымының сайтында қазақтың төрт қызының аты-жөндері және «Советтік Қарағанды» газетінде мақала басылғаны жайлы дерек келтірілген. Бұл дерек Ресейдің кейбір ақпараттық порталында сирек болса да кездесіп тұрады. Төрт танкшы қызымыз жайлы қолда бар деректер Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында сақтаулы. Ал жақында, қыркүйекте Қазақстан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов сарбаздар мен офицерлерді Танкшы күнімен құттықтады. Министр өз сөзінің ішінде Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен соғысқан төрт қазақ қызы жайлы да тебіреніспен айтты.  

АҚШ түшкірсе, Ресей тұмаурата ма: Жаңа санкциялар қандай? «Ота кезінде көп қан кеткен»: Семейлік ана 13 жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлайды Украина мен НАТО шұғыл кеңес өткізеді «Балғамен ұрып өлтірмек болды»: ер адам әйелінің жұмысына келіп, оны ұрып өлтірмек болған (ВИДЕО) Мұнайшылар ереуілі: Жұмыскерлерге қысым көрсетіліп жатқаны рас па? Жаңа жылда 4 қаңтарға дейін демалыс болмақ eGov қосымшасы арқылы қазақстандықтардың несие тарихы қадағаланады Елімізде банан емес, адам саудасы «қызып» тұр Журналист Гүлмира Әбіқай елден ақша жинайтын тағы бір қайырымдылық қорының былығын ашты Бокстан Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Нұрбике Нұрқаділова өмірден өтті: Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары соңғы сұхбатында қандай шындықты айтып кетті? Майқайыңдағы масқара: Ағасы мен қарындасы зорланған «Зорлады» деп жалған арыз жазатын нәзік жандылар азаймай тұр «Бейбітшілікті қалайтындарға түкіргені бар»: Зеленский Путиннің мәлімдемесіне жауап қатты Путин Украинаға атқылаған «Орешник» зымыраны сәтті сыналғанына сүйінші сұрады Украинадағы жағдай ушықты: Бектенов шұғыл жиын өткізді «Еліміздің барлық аймағында дерлік күн бұзылады»: 22 қарашаға арналған ауа райы болжамы жарияланды Желіде Перизат Қайраттың жалған сұхбаты тарады Ұлттық ұлан факультетінде ғылыми-теориялық конференция өтті «Әр баланың өз бөлмесі бар»: Блогер Дархан Жолшыбеков көпбалалы әйелге үй сыйлады