Кеңес үкіметі кезінде аралда құпия биологиялық қарудың лабораториялары орналастырылған еді. Сол кезеңдегі сынақтардың салдарынан аралда құлан да, өзге жануарлар да қалмаған деп жатады. Кеңес үкіметінің кезінде қорық жабық болды. Жай адамдар оған бара алмайтын.
Кейінгі кезде Барсакелмеске құлан жіберіліп, оның көбеюіне жағдай жасалған. Биыл аралда құланның 54 қодығы пайда болыпты. Осылайша, Қызыл кітапқа енгізілген құланды қазақ даласында көбейтудің әрекеті жасалуда. Себебі құландар бұрынғыға қарағанда азайып кеткен. Бұл жануарларды осы күні Қазақстан мен Түркіменстанда ғана кездестіруге болады. Қазақстанда бар-жоғы 817 құлан бар деп жазыпты. 10-желтоқсан – Барсакелмес табиғи қорығының құрылған датасы екен. Қорықтың құрылғанына биыл 84 жыл. Осы датаға орай Zakon.kz ақпараттық порталы Барсакелместегі құландардың тіршілігіне назар аударыпты. Құландар ғасырлар бойы біздің сайын даламыздың ажырамас бөлігі болып келген. Құланның атымен жер-су аттары аталады. Алайда осыдан 40-50 жыл бұрын құландарды жою басталды. Содан бері дала жануарының басы кеміп кеткен. Қазіргі қолда бар құландарға қамқорлық керек. Сондықтан қыс ауасы қырауда Барсакелмес қорығының қызметкерлері табиғи ортаға суаттар мен жем салатын орындарды жасаған. Мұнда тұщы су көздері аз. Барсакелместің ауа райы қатал. Ақпанның өзінде аралда 30 градус аяз тұрады. Ал шілдедегі ыстық 40 градусқа барады. Күн райының мұнысына құландар бейімделген. Қорықтың Қасқақұлан тоғайында жел мен бораннан паналайтын ықтасындар бар.
Құландар үнемі қорықтың ғылыми қызметкерлерінің назарында болады. Олардың халдерінен хабар алынып, санақ жүргізіліп тұрады. Күндізгі күннің едәуір бөлігінде олар жайылады. Түрегеп тұрып көз шырымын алады. Олар жылқы сияқты бас біріктіре айнала тұрып ұйықтамайды. Саяқ тұрып көз жұма ұйықтап алады. Күн ысып кеткенде басын сексеуілдің панасына тығып дем алады. Құландар ауа райын күні бұрын сезеді, күннің күркірегенінен, найзағайдан үркіп қашады. Олардың үйірін айғыр басқарады, ал кәрі бие жол бастап жүреді. Құлан жабайы жануар, ол қолға үйренбейді және жанына адамды жолатпайды. Қорықтың қызметкерлері құландарды алысырақтан бақылайды және санайды. Кейде олардың санын жүріп өткен жерінің ізінен де санайды. Құландарға шауқарғалар үйір. Бұл құс құланның үстінен қонып, жонынан жүн жинайды. Құланның жүнінен өздеріне ұя салады. Құлан жайлы жазылған деректер аз. Сондықтан қорықтың қызметкерлері құландардың өмірінің әрбір сәтін жазып жинауды қолға алған.
Барсакелмес аралы жайлы деректерге келсек, оның нобайын алғаш 1848 жылы орыс саяхатшылары қағазға түсіріпті. Экспедицияның құрамында жер аударылған әйгілі ақын Тарас Шевченко да болған екен. Ақын әрі суретші Тарас Шевченко Барсакелместің бірнеше суретін салған, ол суреттер осы күнге дейін Киевте сақтаулы.
Барсакелмес аралы тылсым құпияға толы, ол жайлы аңыз да көп. Өзінің аты айтып тұрғандай, барған адамның қайтпай қалатын немесе жоғалып кетіп, ғайыптан қайта пайда болатын кездері болған екен. Аралдың осы сырын ғылым әлі күнге дейін аша алмай келеді. Мұнда уақыт кеңістігі мүлде өзгеріп кететін аумақтар бар деп жатады. Оған қорқынышты мысалдар да бар. Бірде жағаға балықшылар тоқтапты. Сонда бір бүйірден түйдек-түйдек тұман жүріп өткен екен. Балықшылардың кейбірі қызық көріп, әлгі тұманға кіреді де сол күйі ізім-ғайып жоғалып кетеді. Тұман сейілгеннен кейін де еш жерден деректері шықпайды. Аралдың басқа да жұмбақтары жетерлік. Мұнда уақыт ағымы өзге жерлердегіден басқаша. 1930-шы жылдарда аралға жіберілген топографиялық экспедиция үш айдай із-түзсіз жоғалып кетеді. Мамандарды іздеуге арнайы адамдар жіберілгенмен, еш нәтиже болмайды. Содан бір күні жоғалған экспедиция аман-сау өздері келеді. Топографтар аралдың терістік жағындағы адам аяғы баса бермейтін аумақты картаға түсірмек болған екен. Палаткаларын алып шыққан олар үш күн бойы сол аумақты картаға түсіреді. Ал бұл кезде басқа аумақта үш ай өткен. 1983 жылы шағын топ аралда серуендеп жүріп ақ тұманды көреді. Олар тұманға кіріп, жиырма минуттай ғана болған. Ал тұманнан шыққанда арада бір жарым тәуліктей уақыт өткені белгілі болады. Жолдастарын жоғалтқан топтың басқа мүшелері бұл уақытта бір жарым тәулік аралды кезіп, жолдастарын іздеген. 1960 жылдары аралға барлау аппараттары тиелген бір танк апарылған екен. Танкшының міндеті үнемі айналаны бақылау болыпты. Бірде танкшіден рациялық хабар үзіледі. Оны іздеп барғандар әп-сәтте танкті қалың қырау басып қалғанын көріп таң қалады. Ал танкші ізім-ғайым жоқ. Танкшінің дерегі осы күнге дейін шықпады. Көзді ашып-жұмғанша қандай жағдайда, қайда жоғалып кеткенін ешкім білмейді де, түсіндіре де алмайды. Түрмеден қашқан бір топ адам аралда бірнеше ай ғана бой тасалаған еді. Бірақ бұл бірнеше айдың ішінде өзге жерде бірнеше жыл өткенін олар білмеген. Үйлеріне келгенде түрмеден қашып шыққандарына бірнеше ай емес, көп жыл өтіп кеткеніне аң-таң болған екен. Аралға ғарыштан беймәлім ұшу нысаны келіп-кетіп тұруы мүмкін деген жорамал да айтылып тұрады.
Қалай болғанда да Барсакелместі құландардың құтты мекеніне айналдыруға үлкен әрекет бар.