Ірі апат болмайтынын ол журналистермен өткізілген брифингте мәлімдеді.
«Шағын аудандарда, қалаларда жылумен қамтамасыз ететін қазандықта ірі апаттар болмайды деп сендіре аламын. Мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Жылулықтың бәрі қыс мезгіліне дайындыққа сай қалыпты жұмыс істеп жатыр», – деді ол.
Роман Склярдың айтуынша, апаттар немесе технологиялық ақаулар желілерде болуы мүмкін, себебі бұл проблемалар ондаған жылдар бойы қордаланып қалған. Премьер-министрдің орынбасары бұл мәселелерді 1-2 жылда шешу мүмкін еместігін айтады.
«Бюджет, тариф мүмкіндіктері шектелген. Бірақ коммуналдық қызметтер мемлекеттік органдардың қолдауымен ондай апаттарды белгіленген мерзімде жоюға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Роман Склярдың ірі коммуналды апат дегенінің деңгейі қандай өлшеммен қарастырылатынын ешкім дөп басып айта алмаса керек. Ал аяз қысып бергеннен кейін еліміздің бірнеше өңірінде жылу электр орталықтарында апат болып, мыңдаған адам жылусыз қалды. Атырауда тұрғындарға су берілмеді. Энергетика министрлігі Екібастұз, Ақтау, Көкшетау және Теміртау қалаларының жылу беру жүйелерінде проблемалар бар екенін растап, мәселені шешу жұмыстары жүріп жатқанын білдірді. Бұл қалалардың тұрғындары жылу берілмей жатқанын, тастай суық үйлерде тұрып жатқанын айтқан.
Өткен жылы қараша айында Екібастұз қаласында жылу электр станциясында апат болып, жүздеген үй мен әлеуметтік нысандар аязды күндері жылусыз қалғаны есте. Бұл оқиғадан кейін жылу желілерінің ескіргені айтылған, инфрақұрылымды модернизациялау үшін тарифтерді қымбаттату қажеттігі алға тартылған болатын. Ал биыл жылу нысандарын жөндеуге бюджеттен 37 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Бірақ бәрібір проблема бар.
Бір айта кетерлігі, Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ірі апат болмайды деп уәде берген тұста оған Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров жылу жүйесіне қатысты депутаттық сауал жолдаған. Депутаттың есебінше, жылу орталықтары мен инфрақұрылымның 80 пайызының тозығы жеткен.
«Олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл қауіпті жағдай», – деді Е. Саиров.
Жыл сайын қыс басталғанда жылудың айқайы шығып жататынына құлақ үйренді. Былтыр Екібастұз, Риддер, Балқаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларында болған апаттар жұмыстың қордаланып қалғанын, проблема көп екенін көрсеткен еді.
Ерлан Саиров, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
«Біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасында коллапс орнауы бек мүмкін. Бұл бір. Екіншіден, былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард теңге қаржы бөлінсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алар емеспіз. Үшіншіден, жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының "Жылумен жабдықтау саласы" бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныстар мен жүйелі сындар айтылды. Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ, сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі біз көрмедік».
Сонымен қатар депутат шіріген құбыр, ескірген қазандық, кеңестік заманнан қалған насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін айтты.
«Осылай тізіп кете беруге болады. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды күшейтуіміз керек», – дейді ол.
Депутат Ерлан Саиров өзінің сауалында алдағы үш айда не істеу керектігін де келтірген. Осы аязды күндері жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналыстарын қысқартып, жылу орталықтарының басы-қасында жүрсін дейді. Ол Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 2022-2023 жылдарға бөлінген қаражаттардың есебіне қатаң талдау жасалуы тиіс екенін, бұл саладағы әрбір жемқор жазалануы керектігін ескертеді. Өңірлердегі шұғыл штабтардың жұмысы екі еселенген 24/7 режиміне көшсін дейді. Ал әкімдіктер мен Үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті аймақтар бойынша карта жасап, бұл бойынша нақты мақсаттық алгоритм жоспарын даярлап қоюы тиіс екенін алға тартады.
Қысқасы, премьер-министрдің орынбасары деген арық айтып, семіз шығуы керек. Ал ол болса, семіз айтып, арық шықпаса игі.