Бүкіл әлемді қызылша ауруы жайлады. Соның ішінде Қазақстан да бұл аурумен алысып жатыр. Біздің елімізге тараған қызылшаның екпіні күшті болып тұр. Астана қаласында бір бала және Шығыс Қазақстан облысында тағы бір бала қызылшадан қайтыс болды. Қайтыс болған балалар бір жасқа жетпеген сәбилер екен. Яғни олар әлі екпе жасау жасына жетпеген еді. Қызылшаға қарсы екпенің алғашқысы 12-15 айлық кезінде, ал екіншісі алты жасында жасалады.
Қазіргі уақытта елімізде қызылша жұқтырған 26 815 адам тіркелген. Соның шамамен 80 пайызы екпені уақытылы алмаған деп жатыр. 60 пайызы бес жасқа дейінгі сәбилер. 18-24 желтоқсан аралығындағы бір аптаның ішінде 2 мың 373 адамнан қызылша анықталды. Бұл салыстырмалы түрде өте үлкен көрсеткіш, аурудың ел ішіне эпидемия сипатында кең тарауының көрінісі. Қызылшамен ауырған балалардың екеуі көз жұмса, 15-і ауыр халде.
Елімізде шамамен күніне 250-300 бала қызылша ауруын жұқтырып жатыр деген мәлімет айтылады. Бұл ауру ауамен жұғады, ағзаны зақымдап, өзге ауруларды тудырады. Өйткені қызылша ағзаның иммунитетін жояды. Қызылшаның арнайы белгіленген емі жоқ, суырып алғандай етіп бірден сауықтырып жіберетін тәсілі де жоқ. Тәуекелін төмендетудің жалғыз жолы – екпе жасау.
Қызылшаны қадағалау мен профилактикасының АҚШ-та орналасқан орталығының есебі бойынша бұл аурудың көп тарауы жөнінен Қазақстан желтоқсанның басында алғашқы үштікте болды. Орталық ол кезде Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының қазан айына дейінгі дерегіне сүйенген еді. Сол тұста Қазақстанда қызылша ауруының көрсеткіші 12,9 мыңға жетіп тұрған. Ал содан бергі екі-үш айдың ішінде осы көрсеткіш бірден екі есеге артып отыр.
Қызылша дертінің осылай күрт ұлғаюының себебінен Қазақстан бірден әлемде бірінші орынға шығып отыр. Бұған бірден-бір себеп – ата-аналардың балаларына екпе жасатудан бас тартуы деп жатыр. Қазақстанның бұл ауру бойынша бірінші орынға шығуы Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ Балалар қорының есептеуінен белгілі болды. Қазан айының соңында 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 69 ауру болса, желтоқсан айының басында ол 88,9 адамға шықты.
Қазір елімізде қызылшамен ауырып жатқандар 20 мың 200-ге жетті. Аймақтар бойынша алып қарасақ, ауру жұқтырғандардың ең жоғары көрсеткіші оңтүстікте – Шымкент қаласында 100 мың тұрғынға шаққанда – 258,9. Жамбыл облысында – 194,8. Ең аз көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында. Мұнда 100 мың адамға шаққанда – 9,8 және Шығыс Қазақстан облысында – 12,8. Қызылшаға шалдыққандардың басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер. Олардың үлесі 84,4 пайыз.
Ата-аналардың балаларына екпе жасатудан бас тартуының салдары осындай ауыр болып тұр. Екпе жасатуға енжарлық, әсіресе, пандемия кезінде белең алған болатын. Ковид жұқтырып алудан қорыққан адамдар көпшілік шоғырланған орындарды, соның ішінде емханаларды да мүмкіндігінше жағаламай қойған еді. Жасыратын несі бар, қоғамымызда діни сенімнің салдарынан балаларына екпе жасатудан үзілді-кесілді бас тартатын отбасылар да кездесіп тұрады. Қазір қызылшамен ауырып жатқан балалардың 83,6 пайызы екпе алмағаны белгілі болып отыр. Соның ішінде 57,4 пайызының ата-аналары балаларына екпе жасатудан ашық түрде бас тартқан жеп жатыр. Қызылшаның ауыр формасына шалдығу пневмония мен менингитке жеткізіп қана қоймайды, орталық жүйке жүйесін де қатты зақымдайды екен.
Әдетте денесі бөртіп, қызылшамен ауру 6 ай мен 5 жас аралығындағы сәбилерге тән болушы еді. Осы күні бұл дертке жасөспірімдер, тіпті ересек адамдар да шалдығатын болды. Бұл да тұмау сияқты ауа арқылы тарайды. Негізінен түкірік, қақырық, шаң-тозаң арқылы тарайды. Ағзасы әлсіз балалар тез жұқтырады.
Қызылшамен ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, ауыз қуысы қабынып, ісінеді, тамаққа тәбеті жоғалады. Әлсіздік пайда болады, жөтеліп, түшкіреді. Мұрыннан су ағып, демалуы қиындап, көздің шырышты қабаты ісінеді. Көзі жасаурап, жарыққа сезімталдығы артады, кейде іші ауырады. Екі-үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында шөкім тұздың жартысындай ақ дақтар пайда бола бастайды. Денесіне бөртпе шығады. Қызылшаның бөртпе шығу кезеңі сатылы түрде өтеді. Бөртпе бірінші күні бетте, құлақ, мойында, екінші күні денесінде, үшінші күні аяғында пайда болады. Бөртпелердің шығу кезеңі 3-4 күнге созылады. Осы кезде дене қызуы қатты көтеріледі. Қызыл бөртпенің пайда болған күніне дейін төрт күн және пайда болғаннан кейін төрт күн ішінде қызылша өзгелерге тез жұғады. Кейде тері астына қанның құйылуы салдарынан шашыраңқы қара дақтар, яғни көгеру байқалады. Бұл дерттің асқынғанын білдіреді. Асқындырмай тұрып үйге дәрігер шақыру керек.