Орыс қоғамында неше алуан адамдар бар. Жібі түзу жандар да кездесіп жатады. Ал осы күні орыс-орманның ішінде тоңмойындар, ауытқығандар,ақты – қара, ал қараны – ақ деп отыра беретін ақылы айнығандар, дұрысты әдейі бұрысқа, ал бұрысты дұрысқа шығарып жар салатындар, тағы осы сияқты қисық адамдар көбейген. Мұндай үрдіс жай адамдардың емес, саясаткерлердің, шенеуніктердің, ғалымдардың, журналистердің арасында қалыңдады.
Орыстың Михаил Смолин деген тарихшысы ай-шай жоқ, сөзін түйеден түскендей етіп қазақ, өзбек, әзірбайжан деген ұлттар 1917 жылға дейін болмаған, оларды кеңес өкіметі қолдан жасады деп салды. Мұндай өтірікті беті бүлк етпей тарихшы айтса, өзгелер не демейді... Бұл адам мұндай негізсіз сөздерді 22-қаңтар күні НТВ арнасының «Место встречи» деген ток-шоуына қатысып отырып айтты. Ол Ресей өз жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді дейді. Осындай қисынсыз сөзді бөскен тарихшының айтқанына ресейліктер сенетіні тағы бар. Егер сөзбе-сөз келтірсек, ол былай деп лепірген:
«Қазақстан қалай пайда болды? Шын мәнінде әу баста РСФСР құрамындағы Қазақ ССР-і пайда болды. Демек ешқандай қазақ деген ұлт болған жоқ. Кейін Қазақ ССР-інің құрамында Қырғыз ССР-і дегенді құрды. Одан кейін оларды РСФСР-ден бөліп шығарды. Ол жерде ұлт қалыптастыруға қатысты небір сорақы шешімдер іске асты. Мысалы, өзбектер революцияға дейін болмаған. Тіпті өзбек деген этникалық атау болмаған. Алды да бірнеше Орталық Азиядағы ұлттан өзбектерді жасап шықты. Тура солай, Әзірбайжан ұлтын айтсақ болады. Әзірбайжан деген ұлт революцияға дейін болған емес. Айтпағым Ресей империясы өз жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді».
Міне, орыс осылай деп отыр. Егер заңға салса мұны тарихи деректі қасақана бұрмалау немесе араздық пен алауыздық тудыру деп дәрежелеуге болар еді. Бірақ Ресей билігі мен заңдары мұндай әрекетті жасалғандарға көз жұма қарайды, тіпті қолдау білдіруі де мүмкін.
Орыс тарихшысы қазақ деген ұлттың шығу тегі тереңде жатқанын, қазақ хандығы дәуірлегенін, Шыңғыс ханның әскербасылары қазақ руларынан шыққан адамдар болғанын, Ресей моңғолдарға емес, қазақтарға бодан болғанын, моңғол империясы деген сөз қазақ атын бүркемелеу үшін ойдан шығарылғанын білмеуі мүмкін. Егер бұларды білмесе, онда ол шала тарихшы болғаны. Шала тарихшыдан шала сөз шығатыны рас болар. Оның шала сөзін қазақ, өзбек, әзірбайжан қоғамдары ашу-ызамен қабылдап жатыр.
Әңгімеміздің басында орыс арасында жібі түзу адамдар да кездесетінін айттық. Алексей Лукинский деген де тарихшы бар екен. Ол өзінің авторлық арнасында көптеген тарихи мақалаларды жариялап отырады. Мақалаларының бірінде қазақтар өз тарихына жаңаша көзбен қарайбастағанына қолдау білдіре отырып, Русь жұртын бодан еткен моңғолдар емес, қазақтар болса керек деген ойын білдірген. Тарихшы қазақтың түбі тас ғасырына барып тірелетінін де айтады.
Алексей Лукинский былай деп жазады: «XIII ғасырда қазақтың төрт негізгі тайпалары – қияттар, керейлер, наймандар және меркіттер Теміршіні хан көтереді. Содан кейін Еділ бойындағы атамекендерін азат ету үшін Руське шабады және қазақтардың Алтын Ордасын құрады. Оның бір бөлігі Ақ Орда болады, содан кейін қазақ хандығы құрылады да бері қарайғы төте жол Астанаға келіп тіреледі».
Міне, орыстың екінші бір тарихшысы осылай дейді. Алексей Лукинский қазақтар өздерінің тарихын түгелдеуіне дұрыс көзқарас білдіреді. Ол Шыңғыс ханды да, Әмір Темірді де қазақ деуге қарсы емес екенін де аңғартқан.
Алексей Лукинский тағы былай деп жазған: «Украин тарихшысы Белинскийөзінің «Украина-Русь» кітабында моңғол шапқыншылығы деген терминнің орыс ғылымында тек XIX ғасырда пайда болғанын, ресейліктер өздерініңқазаққа бодан болғанын жасырып келгенін көрсеткен».
Украин тарихшысы қазақтардың кейін Ресей империясының құрамына өткенін, сондықтан орыс патшалары қазақтар жасаған шапқыншылықты моңғолдарға тели салғанын да келтіріпті.
Алексей Лукинский орыстар қалайда қазақтың өткенін бұрмалауға, атын шығармауға күш салғанын айтады. Тіпті далбасалап, қазақты ресми түрде қырғыз деп атап, XX ғасырға дейін қазақ болмаған етіп көрсетуге тырысты дейді. Өзінің мақаласын «Неге біздің қазақ бауырларымызға өздерінің ұлытарихын иемденбеске!» деп аяқтаған.
Ал нақақтан нақақ өтірік айтып, 1917 жылға дейін қазақ ұлты болмаған деп көкіген орыс тарихшысы Михаил Смолин сияқты зымиян адамдардың сөзіне «Ит үреді, керуен көшеді» демеске лаж жоқ.