Табиғаттың немесе адамның жан-дүниесінің жаңаруымен қатар тұтас елдің жаңаруын меңзейтін ұғым. Ия, Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауынан бері елімізде қоғамның жаңаруы бағытында жаңаша үрдіс басталды. Президент стратегиялық мақсатқа жетудің бірнеше бастамаларын ұсынған. Сондықтан Наурызнамада ағаш егу, көшелерді, үйлердің аулаларын тазалаумен қатар жаңару бағдарламасына зор үлес қосып келе жатқан азаматтарды марапаттау, жаңару идеясын паш ететін туындылардың сахналық қойылымдары сынды саяси іс-шаралар да ұйымдастырылып жатыр.
Жаңару осыдан тұп-тура бес жыл бұрын басталды деген ұстаным да бар. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кететінін 2019 жылдың 19-наурызында мәлімдеген еді. Енді бүгін 19-наурыз Жаңару күні болып белгіленіп отыр. Бұған кездейсоқ сәйкестік дегеннен гөрі жаңаруда өзіндік мәні бар күн деп қараған жөн болар. Саясатта жүрген адамдардың кейбірінің айтуына қарағанда, 19 наурыз ел тарихында, біздің саяси жылнамамызда Жаңару күні ретінде қалады. 1919 жылдан бері елімізде елеулі өзгерістер болды, соған сәйкес Президент сайлауы, Мәжіліс, Сенат сайлауы өтті. Мәжілісте партиялармен бірге бір мандатты үміткерлер бақ сынады. Айтушылар мұны тұтас ұлттың тағдыры үшін қабылданған жаңа әлеуметтік-саяси өзгерістердің бастауы дейді. Содан бері саяси ортада жаңашылдықтың лебі сезілді. Елде талай реформалар болып жатыр. Мемлекетімізде Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деген ұранмен жасалынып жатқан істер аз емес. Жаңашылдық пен жаңғыру Әділетті Қазақстан тұжырымдамасында көрініс тауып келеді. Шет елдерге кеткен активтерді қайтару, бизнестегі әділетсіздікті жою, саясатта да, сот, құқық қорғау салаларында да реформа жасалды. Маңызды шешімдер референдум арқылы қабылданатын болды, Ұлттық құрылтай да өтіп жатыр. Осының бәрі – жаңару, жаңғыру.
Жаңарудың жолына Президенттің 2022 жылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы серпін берді десек те болады. Жолдауда Қаңтар қасіретінің түп төркіні қоғамның тоқырағанында, байлықты монополиялап алғандардың жаңа жаңару жолын кесуге бекінгенінде екені де екені де осы Жолдауда айтылды. Ал ең бастысы, Президент жаңарудың жан-жақты бағыттарын ашып көрсетті. Бүгінгі Жаңару күнінде сол Жолдаудың кейбір жолдарын қайта еске алып, санада жаңғыртудың реті де келіп тұр. Жолдау жолдары мынадай еді:
«Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз».
«Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек».
«Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады».
«Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек. Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын».
«Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз».
«Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс».
«Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет».
«Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет».
Міне, жаңару деген осы. Жаңару күні дегенде бірінші кезекте осы нәрселер ойға оралады.