Кезекті қонағымыз, белгілі әлеуметтанушы Әсем Құсмановамен сұхбатымызда біз ғылымның маңыздылығын, әлеуметтанушыларға бүгінгі таңда қандай қиындықтар туындайтынын және қоғамымыздағы терең процестерді түсіну үшін неге қызығушылықтың маңызды екенін талқылаймыз.
— Қарапайым, бірақ маңызды сұрақтан бастайық: әлеуметтану дегеніміз не және әлеуметтанушылар немен айналысады?
— Әлеуметтанушылар, философиялық көзқарас тұрғысынан алғанда, әлеуметтік мінез-құлықтың өзіндік «дешифровщиктер». Мысалы, бүгінде психологиямен байланысты тренд бар, бір жағынан, көптеген адамдар өздерін кінәлауға бейім екенін байқаймын. Олар мұны білімніңжеткіліксіздігінен, еңбексүйгіштіктің жоқтығынан және басқа да жеке себептерден деп ойлайды. Алайда, бұл бізге әсер ететін факторлардың бірі ғана. Ғалымдар адам - бұл биоәлеуметтік зат деп санайды. Бұл бізге ата-бабамыздан берiлген биология мен генетика ғана емес, әрдайым жеке сипаттағы психика да әсер етедi дегендi бiлдiредi. Туғаннан кейбіреулері әлдеқайда тұйық, кейбіреулері ашық болуы мүмкін, бұл да біздің мінез-құлқымыз бен әлемді қабылдауымызды айқындайды. Сонымен қатар, адам өзі тұрып жатқан қоғаммен тығыз байланысты. Біз Қазақстанда 2024 жылы өмір сүріп жатырмыз, әрине, әлеуметтік ортаның жағдайы мен уақыты бізге қатты әсер етеді. Егер біз 1990-шы жылдары өмір сүрген болсақ, біздің әлеуметтенуіміз мүлдем басқа болар еді. Әр уақыттың өзіндік ерекшеліктері бар және адам әрқашан өз уақытының «баласы». Әлеуметтанушылар бұл жағдайлардың - уақыт, орын және әлеуметтік орта - жеке адамның шешім қабылдауына және мінез-құлқына қалай әсер ететінін зерттейді. Біз қоғам мүшелері ретінде кейде қоғамның біздің өмірімізге қаншалықты әсер ететінін де түсінбейміз. Сондықтан, «дешифровщиктер» ретінде біз түрлі әлеуметтік факторлардың біздің мінез-құлығымыз бен әлемге деген көзқарасымызды қалай қалыптастыратынын зерттейміз.
— Қазіргі уақытта Қазақстан мен Орталық Азия үшін қандай негізгі әлеуметтік проблемалар мен тақырыптарды неғұрлым өзекті деп есептейсіз?
— Адамдардың бір құндылықтар жүйесінен екінші кұндылықтар жүйесіне өтуі. Мен мұны проблема деп атамас едім, керісінше қазіргі уақыттың ерекшелігі дер едім. Ол туралы жиі айтылмайды, бірақ сыбайлас жемқорлық, ажырасу, алаяқтық, өзіне-өзі қол жұмсау, кісі өлтіру сияқты барлық проблемалар соңғы жылдары, әсіресе тәуелсіздік кезеңінен бастап біздің қоғамда терең өзгерістердің болуымен түсіндіріледі. Біз іс жүзінде бір құндылықтардан екінші құндылықтарға көшеміз. Егер бұрын, кеңес дәуірінде, қазақстандықтар үшін отбасы бірінші орында тұрған, туыстық байланыстары бар, өзара көмек, жиі қонақжайлықтық бар дәстүрлі салтын сақтап қалса, тәуелсіздік алғаннан кейін қоғам өзгере бастады. Қазір біз жаңа кезеңдеміз және адамдардың құндылықтары, олардың дүниетанымы да өзгеруде. Мысалы, мен 90-шы ұрпаққа, ал сіз Z (зуммерлер) ұрпағына жатасыз. Біздің арамыздағы айырмашылық небәрі он жыл ғана, бірақ кейде біз әртүрлі әлемде өмір сүріп жатқандаймыз. Бізге отбасы құрудың, бала туудың, оларды тәрбиелеудің маңыздылығы туралы айтылып келген, ал сіздер, Z буыны, мансап пен жеке дамуға көбірек бағытталғансыздар. Олардың көбі отыз жасында отбасылық құндылықтар туралы ойланбайтын да болар. Сондықтан мен бүгінгі таңда әлеуметтанудағы ең өзекті бағыттардың бірі құндылықтардың бір жүйесінен екіншісіне көшу деп есептеймін.
— Әлеуметтану қоғамдық пікірге қалай әсер етеді және неге кейбір мәселелер өзекті болып, ал басқалары көлеңкеде қалып қояды?
— Әлемде көптеген мәселелер бар, бірақ белгілі бір сәтте қоғамның назары жиі бір тақырыпқа аударылады. Мысалы, Салтанат Нүкенова оқиғасынан кейін гендерлік теңсіздік пен зорлық-зомбылық мәселелері жиі талқылана бастады. Егер бұл кейс болмағанда, бұл тақырып мұндай кең резонанс алмас еді. Дәл солай, Талғардағы Шерзатпен болған оқиғадан кейін кісі өлтіру және зорлық-зомбылық тақырыбы күрт көтерілді. Бұл да жағдайға байланысты қоғамдық назардың нақты мәселеге қалай бағытталатындығының мысалы. Шын мәнінде, мұның бәрі әлеуметтану. Бұл қоғамдық пікір мен дискурстың назар аударатын белгілі бір оқиғалар мен жағдайлармен қалай қалыптасатынын көрсетеді. Бүгін бұл тақырып танымалдылықтың шыңында, ал ертең – мүлдем жоқ. Осыған орай, әлеуметтану қоғамдық пікірді манипуляциялауда маңызды рөл атқарады. Егер мен қоғамның қандай да бір тақырыпты талқылауын қаласам, маған осы мәселе бойынша адамдардың пікірін дұрыс басқару жеткілікті. Егер сен қоғаммен жұмыс істей білсең, ұжымдық санаға қалай әсер ету керек екенін білсең, онда шын мәнінде көптеген процестерді басқара аласың. Сол себепті әлеуметтану ілімінің күші аса ауқымды екенін түсінуіміз керек. Дегенмен, бұл «күш» кімнің қолында екені маңызды.
Дереккөз: жеке мұрағаттан
— Менің білуім бойынша, сіз “Kazakhstan sociology lab” жобасына қатысқансыз. Бұл қандай жоба және оның мақсаты неде?
— Kazakhstan Sociology Lab - Қазақстанның кәсіби социологтарының біліктілігін арттыруға бағытталған әлеуметтанушылар мектебі. Біз, осы мектептің қатысушылары - бакалавриат пен докторантураны бітірген кәсіби социологтар, бірақ әрқайсымыз оқуды әртүрлі уақытта аяқтадық - біреу он жыл бұрын, біреу бес жыл бұрын. Ғылым бір орында тұрмайды, ол үнемі дамып отырады, анағұрлым кең және көп қырлы бола түседі. Kazakhstan Sociology Lab бізге қоғамдық пікірді, қоғамның өзін және басқа да көптеген аспектілерді тиімді зерттеуге көмектесетін жаңартылған әдістемелер мен тәсілдерді ұсынады. Бұл әлеуметтану ілімінің өзі секілді біздің де одан әрі дами алатын жеріміз. Бұл жерде біз негізгі білім алмаймыз, күрделі және жоғары деңгейлі тақырыптарды тереңірек оқимыз. Оқудың соңында біз жоба құрастырып, зерттеу жұмысын жазамыз, бұл бізге жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға көмектеседі. Мен Kazakhstan Sociology Lab-да 2022-2023 жылдары оқыдым, мектеп 2022 жылы ашылды.
— Қалай ойлайсыз, осы мектеп әлі қанша уақыт өмір сүреді және Қазақстанға не әкеледі?
— Kazakhstan Sociology Lab қысқа мерзімді курстар форматында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейді деп үміттенемін. Бірақ ол кем дегенде тағы үш жыл жұмыс істеуі мүмкін. Ал фидбэк пен бұл мектептің беретін заттары мен үшін үлкен рөл атқарды. Сол жерде оқытудың арқасында мен басқаша ойлай бастадым. Олар менің дағдыларымды жақсы жетілдірді, мен барынша ашық және өзіме сенімді болдым. Мамандардың біліктілігін арттыра отырып, мектеп жаңа білім беріп қана қоймай, сенімділікті дамытуға да көмектеседі. Біз әлдеқайда жігерлі, белсенді, идеяларға толы болдық. Мысалы, енді мен өзім жаңа жобалардың инициаторы болдым, тіпті Instagram-да блогты жүргізе бастадым. Егер бұл мектеп болмаса, мен мұндай қадамдарға баруға батылым бармас еді. KSL сені оқытып қана қоймай, өміріңді және мансабыңды өзгертетін әрекеттерге шабыттандыратын кеңістік.
— Қазір мен сізді сөзден ұстап алғым келіп отыр. Сондықтан келесі сұрағым: қандай жобалармен жұмыс жасап оның инициаторы болдыңыз?
— Қазір мен өз Instagram парақшамды — менің басты жобам ретінде қарастырамын. Әлеуметтанушылар арасында әлеуметтік желілермен белсенді айналысатындар көп емес. Сонымен қатар, тағы бір жоба, қазір жүзеге асырып жатқаным, журналистердің арқасында пайда болды. Соңғы бірнеше айда түрлі ұйымдардан, телеарналардан бастап білім беру орталықтарына, газеттерге дейін мамандар маған сұхбат беру бойынша жазып жатыр. Әрқашан олардан «Мені қайдан таптыңыз?» деп сұрағанымда, олар «Instagram-нан» немесе таныстар арқылы» деп жауап беретін. Сосын көп ойланып өзіме сауал қойдым: менің әріптестерім арасында әлеуметтік желілерді жүргізетін әлеуметтанушылар өте аз, егер біз интернетте белсенді болмасақ, онда менің әріптестерімді қалай табуға болады? Осыған орай,менің әріптесім — айтишникпен бірге, түрлі мамандықтардың сарапшылары тіркеле алатын платформа құруды шештік. Бұл платформада саясаттанушылар, экологтар, әлеуметтанушылар, философтар және басқа да көптеген мамандар өздерінің қысқаша резюмесін жасай алады. Журналистер спикерлерді іздегенде, қала, мамандық, мүмкін тіл білу сияқты сүзгілер арқылы қажетті категорияны таңдап, жүйе автоматты түрде сәйкес профильдерді ұсынады. Егер журналистке сарапшы ұнаса, ол өтініш қалдыра алады. Ал сарапшы Telegram-ботта хабарлама алады да, келіссе, өзінің контактісін береді. Келіспесе — бермейді. Бұл жақсы идея, бірақ бір мәселе бар — менің әріптестерім платформаға тіркелуі керек. Оларға да жұмыс істеп, әрқайсысын сендіру қажет. Бірақ менің ойымша, бірнеше айдан соң бәрі дайын болады да, барлығы пайдалануға мүмкіндік ала алады.
— Шыныменде өте керемет идея екен. Асыға күтетін боламыз. Сіздің Instagram парақшаңыздан байқағаным бойында, Орта Комюнити кітап клубының кездесуінде арнайы қонақ ретінде шақырылғансыз. Ол жерді сізді ғылымға ғашық әлеуметтанушы ретінде атап көрсеткен. Ғылымға деген сүйіспеншілігіңіз қашан басталды және әлеуметтану іліміне қалай келдіңіз?
— Шынында, мен социология туралы бұл мамандыққа түспес бұрын мүлдеместімегенмін. Бұл мен құрметтейтін адамдардың маған айтқан ұсынысы болды, олар социологияның өзекті әрі қызықты сала деп атап өтті. 2009 жылы мен осы мамандыққа түсіп, біртіндеп бұл ғылымның қыр сырын өзім үшін аша бастадым. Қызығы, үшінші курсқа келгенде ғана социологтар нақты не істейтінін түсіне бастадым. Бұрын мен бұл туралы нақты жауап беруге де қиналатынмын, сол себепті өзімді осы рөлде сенімді сезінбей жүрдім. Алайда докторантураны бітіріп, өз зерттеуіммен жұмыс істей бастағаннан кейін, мен өзімді ғалым ретінде қабылдай бастадым. «Мен социологпын, мен ғылыммен айналысамын»,-деп сенімді түрде айта алатын болдым. Бұрын бұл туралы айтуға қысылатынмын. Дегенмен, АҚШ пен Ұлыбританияда конференцияларда болып, өз зерттеулеріммен бөлісіп, ғылыми жұмыстармен айналыса бастағаннан кейін, өзімді ғылыми маман ретінде таныстыра бастадым. Қазір мен адамдарға ғылым туралы белсенді айтып, ғылыми материалдар оқып, өзімді «ғылым амбассадоры» ретінде позицианировать етемін. Меніңше, қоғамда өз маңыздылығын арттырып, өз істеген ісіңе сенімді болу өте маңызды.
— Өзіңіз секілді ғылымға ғашық жандарға қандай кітап оқуға кеңес берер едіңіз?
— Қазіргі таңда мен көбінесе Малькольм Гладуэллдің кітаптарын көбірек оқимын. Ол әлеуметтанушы әрі The New York Times журналисі. Сол себепті Гладуэлл кітаптарын оқуға кеңес беремін.
— Сіздің ойыңызша жоғары оқу орнын аяқтаған әлеуметтанушының бойынша міндетті түрде болу қажет қасиеттер бар ма?
— Социология екі негізгі бағытқа бөлінеді. Біріншісі — сандық әдіс, мұнда цифрлармен, статистикамен және Excel сияқты әртүрлі бағдарламалармен жұмыс жасаймыз. Екінші бағыт — сапалық әдіс, ол журналистикаға жақын: мақалалар жазу және терең сұхбаттар жүргізу. Бұл жағдайда біз тек спикердің не айтқанын ғана емес, оның мінез-құлқын, интонациясын, айтылған сөздерінің себептерін және контекстін де талдаймыз. Сондықтан менің ойымша, жоғары оқу орнын бітірген әлеуметтанушы статистикалық бағдарламалармен және деректерді талдау әдістерімен жақсы меңгеруі керек.Сонымен қатар, ағылшын тілін жақсы білу маңызды, өйткені қазіргі уақытта бұл көптеген ақпарат көздеріне және ғылыми жұмыстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жеке қасиеттер де маңызды: жауапкершілік, еңбекқорлық, коммуникабельділік және басқалар. Бірақ ең бастысы — бұл қызығушылық. Әлеуметтанушы әрқашан қызыққұмар болуы керек, айналасындағы әлемге қызығуы және оны толыққанды түсінуге ұмтылуы тиіс.
— Олай болса соңғы сұрағымыз болсын, Қазақстанда өз мансабын енді бастаған әлеуметтанушыларға қандай кеңес бересіз?
— Әлеуметтануға жақын әртүрлі салаларда өзіңізді байқап көріңіз. Бұл сізге тәжірибе жинақтап, мамандықтың барлық артықшылықтары мен қиыншылықтарын практикада сезінуге көмектеседі. Себебі, тек теориялық түрде әлеуметтанушының не істейтінін түсіну жеткіліксіз, сонымен қатар әртүрлі контексттерде осы рөлде өзіңізді сынап көру маңызды. Егер адам өз мамандығы бойынша тоғыз айдан астам уақыт жұмыс істемесе, онда ол қайтадан сол жұмысқа оралмайды деген пікір де бар және мен бұл пікірмен келісемін. Сондықтан, мен мансабын енді бастаған әлеуметтанушыларға, бәлкім студенттерге өз мамандығына ұқсас жұмыстарда болсын, кем дегенде, өзін сынап көруге кеңес беремін. Бұл оларға тек бағалы тәжірибе ғана емес, сонымен қатар не ол адамға сәйкес келетін және оны не қызықтыратынын жақсырақ түсінуге көмектеседі деп есептеймін.
Әсем Құсманова бізге қоғамды түсінудің, ғылымның маңыздылығын және әлеуметтік процестерді зерттеудің «күшін» тағы да бір рет көрсетіп берді. Оның ой-пікірлері мен тәжірибесі болашақ әлеуметтанушыларға үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Әсем ханым, сізге алғысымызды білдіреміз және жаңа ғылыми жетістіктеріңізді күтеміз!
МАҚАЛА АВТОРЫ ЖӘНЕ СҰХБАТТАСҚАН: БІРҒАНЫМ ӘЛИҚЫЗЫ