SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық парадзюдошы жалға берілген баспанасынан айрылуы мүмкін. Парадзюдодан ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, талай аламанда үздіктер қатарына іліккен, Париж Паралимпиадасының қатысушысы Бауыржан Арыстанбековке Астанада тұрып жатқан пәтерін босатсын деген шешім келген. Ал қос жанарынан айырылған спортшының жеті баласы бар. Бұл туралы 1Bol.kz жазды.
«2022 жылы кезек бойынша жалға берілетін баспана бағдарламасы бойынша үш бөлмелі пәтер алдық. Оның өзін 14 жылдан астам уақыт күтіп жүріп алғанмын. 2024 жылы жалға берілетін баспананы сатып алуға болатыны туралы шешім қабылданған соң, желтоқсан айында тұрып жатқан пәтерімізді жекешелендіру туралы өтініш бердім. Алайда, осыдан бірер күн бұрын Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасынан «Өтініш қанағаттандырылмасын және пәтерден шығарылсын» деген шешім келіп тұр. Мен таң қалдым. Себебін білу үшін әкімдікке барғаныммен, жауапты адамдардың алдына кіре алған жоқпын. Айқай-шусыз шешкім келеді. Дегенмен, қала әкімінің орынбасары Евгений Глотовпен зум арқылы конференция ұйымдастырып берді. Ол кісіге мәселенің мән-жайын түсіндірдім», - деді спортшы.
Әкім орынбасары мәселені шешудің екі жолын ұсынған. Алғашқысы – жекешелендіруге өтініш беру үшін бірнеше жыл күту. Себебі Бауыржанның атында басқа пәтер болған. Екіншісі – сот арқылы. Дзюдошы екінші жолды таңдаған. Ол осылайша, мәселесі тезірек шешіледі деп сенеді.
«2022 жылы екі бөлмелі пәтер сыйға берілді. Менің жеті балам: қыздарым да, ұлдарым да бар. Әртүрлі жынысты болған соң екі бөлмелі пәтерде өмір сүре алмайтынымыз анық қой. Оның үстіне ата-анам да зейнетте, өзім үйдің жалғыз ұлымын. Сондықтан сол пәтерді әке-шешеме бердім. Өзіміз жалға алу бағдарламасы бойынша пәтерді күтеміз деп шештік. Бірақ сол кісілердің атына жазғанға дейін бірнеше күн әлгі пәтер менің атымда болған. Дәл сол жылы жалға алу бағдарламасымен де пәтер берілді. Заң бойынша кемінде бес жыл сенің атыңда жылжымайтын мүлік болмауы керек екен. Мен жекешелендіруге өтініш берген уақытта әлі бес жыл өтпеген. Сондықтан тағы үш жылдай күтуім керек немесе сотқа жүгінуіме болады екен. Глотов сотқа берсем, менің мүгедектігімді және балаларымның санын ескеріп, шешім тезірек қабылдануы мүмкін екенін айтты», - дейді спортшы.
Жеті баламен 68 шаршы метрде тұрып жатыр
Арыстанбековке енді заңгер табу керек. Себебі бес жыл мерзім аяқталғанша күтіп тәуекелге барғысы жоқ. Қазір басқарма шешімі шыққанымен, бұйрық жоқ. Сөйте тұра, заң тез арада-ақ өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан жекешелендіруге рұқсат бар кезде, заңдастырып алмақ. Сонан соң, бөлме санын көбейткісі келеді. Дегенмен, сот оң шешім шығармаса, амалсыз күтуге тура келеді деп отыр.
«Бес жыл өткенше күтейін десем, ертең не боларын білмеймін, бәрі өзгеріп кетуі мүмкін. Қазір 68 шаршы метрде тұрамыз, үш бөлме. Дегенмен, болашақта төрт бөлмелі пәтер алсам деймін, екі дәретханасы болуы керек. Әйтпесе тоғыз адам жуыну үшін кәдімгідей кезекте тұрып қаламыз. Балалар да өсіп келеді. Бұған да шүкір дейміз, пәтердегі жиһаздарды жинап тастап, жерге жатамыз, сондықтан сыйып жүрміз.
Қалай десек те 14 жыл дегенде әрең алған үйіміз ғой. Өйткені үш бөлмелі пәтері бар үйлер аз салынып жатыр, күту керек деген сылтаумен талай жыл жүрдік.
Тұрғын үй басқармасынан хабарласып, солардың заңгерімен кездесуге шақырды. Енді маған да заңгер керек. Сосын сотта да заңгердің көмегі қажет болады. Сот процесті жылдамдату туралы шешім шығармаса, онда тағы екі жарым жылдай күтіп, сонан соң қайта өтініш беремін», - дейді спортшы.
«Сіз неге әкімдікке келе бересіз?»
Спортшы баспанаға қол жеткізу оңай болмағанын алға тартты. Тіпті әкімдіктің табалдырығын тоздыруға тура келген. Жауапты тұлғадан жауап алу үшін де талай құқайды көруің керек. Көпбалалы әке де бюрократияның қиындықтарына тап болған. Сөйтіп жүріп, сол жердегі қызметкерлерден сөз де естіген. Ашуға булыққан әке арман болған пәтеріне сол кездегі шаһар басшысы Алтай Көлгіновпен кездесуді талап етіп жүріп әрең алыпты.
«Әлгінде айтқанымдай, баспанаға шамамен 2005-2006 жылдары кезекке тұрдым. Бірақ кезектің тым баяу жылжып жатқанын түсіндім. Себебін сұрап қайта-қайта барамын. Байқауға қатыс деп шығарып салады, қатысамын, бірақ еш нәтиже жоқ. Солай бірнеше рет байқауға қатысып, түк шықпады. Бір күні бір қызметкер «Сіз неге келе бересіз?» деп дікеңдеді. «Алты баласы бар көзі көрмейтін әке сіздерге күнде келе ме сонда?» дедім. Қатты ашуландым», - дейді спортшы.
Бүкіл тағдырды өзгерткен кездейсоқ адам…
Бауыржан Арыстанбеков баспана алғанға дейін қалай күнелткенін де айтып өтті. Сөзінше, бастапқыда ата-анасымен бірге, сонан соң өзі жұмыс істеген медреседе тұрып келген.
«Бастапқыда кәдімгі мектепте оқыдым. Сонан соң қари боламын деп медреседе білім алдым, бірақ қари болу жоспарым орындалмады. Ислам орталығында 10 жылдай сабақ беріп, сол аралықта ұстаздарға арналған жерде өмір сүрдік. Балаларға араб тілін үйреттім», - дейді ол.
Бір қызығы, Бауыржан спортқа кеш келген. Себебі ол мектепте оқып жүрген кезінде дене шынықтыру пәнінен де босатылған екен. Сондықтан спорт саласына бет бұруды ойламаған да. Бірақ бір таныстық оның өмірін күрт өзгертіпті.
«Көзіме байланысты спортпен шұғылдануға болмайтын еді. Өзім шығармашылыққа жақын болдым, сондықтан өлең жазып, талай байқауларға қатыстым, жеңімпаз атандым. Абай оқуларында лауреат атанып, Фариза Оңғарсынованың кешінде өлең оқыдым. Ақындықты қойып, қари болсам деген арманмен медреседе бірнеше жыл білім алдым.
Ислам орталығында жұмыс істеп жүрген кезім. «Артем» базары жақтағы мешіт жанында дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Қонысбаевпен танысып қалдық, ол кісі «күресіп көргің келмей ме?» деп ұсыныс жасады. Жаспын ғой, бірден келістім. Әйтпесе дзюдоның қандай күрес екенін, кимононың не екенін де білмейтінмін», - деп еске алды ол.
Бауыржан Арыстанбеков сол кездесуде өзінің ғана емес, Париж паралимпиадасында күміс жүлдегер атанған Ерғали Шәмейдің де тағдырын өзгертуге себеп болған. Ол Жандос Қонысбаевқа өзінің жақын досы Ерғалиді де сынап көруін сұраған.
«Ерғалимен Астанада танысқанбыз. Содан жақсы араласып кеттік. Ол Моңғолияда моңғол күресімен айналысқан, ауылдың баласы, өте шымыр. Сондықтан Ерғалиді де ұсындым. Бір кездері Дәурен Оразов деген бапкермен танысып едік, әлі күнге дейін бірге жаттығу жасаймыз. Қазір Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен бірге дайындаламыз, себебі мен сол оқу орнының үшінші курс студентімін. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі боламын», - деді ол.
Парижге бару үшін 25 кг салмақ қосуына тура келген
Бауыржанның өзі де талай аламанда атой салып жүрген балуан. Азия параойындарында жүлдегер атанған. Парижде де үздіктер қатарынан көрінер ме еді, алайда жаңа салмаққа бейімделіп үлгермепті.
«Өзім 66 келіде күресіп жүргенмін. Ерғали 73 келіде белдеседі. Бұл паралимпиадалық салмақ. Келесі салмақ 90 келі еді. Сондықтан Париж алдында амалсыз сол салмаққа көштім. Тиісінше Паралимпиадада қарсыластарымның бәрі менен ауыр болды. Алайда джиу-джитсу мен грэпплингтен нәтижелерім жоғары. Көзім көрмесе де, джиу-джитсудан сау спортшылар арасында жақсы өнер көрсетіп жүрмін. Соған қарамастан әлем чемпионатына қатыспадым. Өйткені Париждегі аламанға даярлық жасау керек болды», - дейді балуан.
Ал Бауыржанның мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосылуына мектепте алған жарақаты себеп болған. Қос жанарынан айырылса да, ешкімнің көмегіне жүгінбейді.
«3 сыныпта оқып жүргенде бір көзден жарақат алдым. 9 сыныпта оқып жүргенде екінші көзім жарақаттан көрмей қалды. Оған дейін көзім көретін. Қазір ақпараттың бәрін сол кездегі бейнелермен қабылдаймын. Ел ішінде де, сыртта да ешкімнің көмегінсіз жүре беремін», - деді ол.
Бұдан былай Бауыржан паралимпиадалық бағдарламаға қосылған 81 келіде өнер көрсетеді. «Өзіме осы салмақ ыңғайлы» деп отыр. Енді осы салмақ дәрежесінде елордадағы әлем біріншілігінде бақ сынамақ:
«Мамыр айында Астанада әлем чемпионаты өтеді. Соған қатысамын деп жоспарлап отырмын. Тыңғылықты даярлық жасау керек. Жекпе-жек сарайында өтеді. Жалпы, бізде парадзюдодан жарыстар өте жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Биыл да сол межеден түспейміз деген жоспар бар».