“Мінезіміз жараспады”; “Бір-бірімізді жақсы көрмейтінімізді түсіндік” деген себепті арқау етіп, ажырасқан ерлі-зайыптылардың шешімі баланың өміріне үлкен өзгеріс алып келеді.
Ойлап қараңыз, қазіргі кішкентай бала ертеңгі еліміздің келешегі. Баланың санасының түкпірінде тамырын жайған ажырасудың эффекті ертеңгі күні оның әрекеттері мен жасаған жұмысынан көрініс табады. Осы тақырыпты толығырақ ашып, талдау мақсатында бүгін біз сіздермен ажырасудың бала өміріне әсерін түрлі ракурстардан көрсетеміз.
World Population Review-дің берген статистикалық мәліметі ажырасу бойынша Қазақстан әрбір 1000 адамға 4,6 ажырасу көрсеткішімен Мальдив аралдарынан кейін 2-орында тұрғандығын жеткізді. Қазақстандықтардың 2000 жылдан бастап белсенді түрде некені тіркеу деңгейі өсіп, 3 жылдан кейін өзінің шарықтау шегіне жеткен. Яғни 2013 жылы 168 447 жұп ресми түрде некесін тіркеген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, келесі жылдан бастап үйлену азайып, 2019 жылы 59 796 жұптың ажырасу фактісі тіркелген. Бір көңіл қуантарлығы қазір Қазақстанда ажырасу деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Себебі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы ажырасу көрсеткіші 1,3 пайызға төмендеген. Дәлірек айтсақ, 2022 жылы 58 607 жұп, ал 2023 жылы 57 819 жұп ажырасқан.
Цифрлар бізге белгілі болғанымен ажырасудан кейін балалардың не сезетіні, олардың эмоционалдық жай-күйінің статистикасын жасау, әрине, әлдеқайда қиынырақ.
Баланың эмоционалды тұрғыда өзгеруі
Шындығында ата-анасының ажырасуы балаға әр жаста әртүрлі әсер етеді. Бірақ бұл ақырын әрекет ететін удың әсері секілді түбінде бәрібір баланың ішкі жан дүниесіне өз ізін қалдырып кетеді. Көп жағдайда ажырасқаннан кейін бала өзін кінәлі, әрі қажетсіз санайды. Бұл сөзді баласы 3 жастан аса бергенде ажырасып кеткен кейіпкеріміз дәлелдейді.
«Қызым 3 жаста болғанда ажырасқандықтан, оның есінде әлсін-әлсін әкесі бар болатын. Сондықтан әкеге деген өкпе-реніштің салдарынан, ол қазір эмоционалды тұрғыда барлық сөзді жүрегіне жақын қабылдайды,» - дейді Әсел ханым.
Қазақстанда ажырасқаннан кейін, 99 пайыз жағдайда бала анасында қалады. Сондықтан қыз балаға әкелік қамқорлық пен қауіпсіздік сезімінің жетіспеуі байқалады. Әдетте соның әсерінен қыздар тек өзіне ғана сенетін, мінезді болып өседі. Дегенмен бізде ата-анасы ажырасып, қыздың әкесінде қалғысы келген жағдаят та бар.
«Қызыма әкесімен ажырасатынымызды түсіндіргім келгенде ол өзінің әкесімен қалғысы келетінін айтты. Осыдан кейін мен бір жылға ажырасуды кейінге шегердім», - дейді 2-кейіпкеріміз.
Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, Түркия мемлекетінде ата-анасы ажырасқанда, бала әдетте әкесінде қалады. Себебі ол ертең сол әкенің тұқымын жалғастырады, әрі қыз баланың әкесінде қалуы оның сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшырау ықтималдығын азайтады.
Әлеуметтік аспектілер
Әке-шешесі ажырасқан баланың жанды тұсы болады. Сол себепті қоғаммен байланысқа түскенде ол дүниелер баланың әрекеті мен қандай да бір жағдайға көрсететін реакциясынан байқалады. Бұл туралы университет мұғалімі өз тәжірибесімен бөлісті.
«Мен студенттермен жақын араласамын. Бір күні бір студентім жылап алдыма келді. Олар сабақта отбасы туралы тақырыпты өткен екен. Сонда оқытушы әкесіз өскен қыздар жеңіл жүрісті, ал ұлдар әлсіз болады деп қыздың жанды жеріне тиген. Осы тарапта оқытушының өз ойын бұлай жеткізуі дұрыс емес» (Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде толыққанды ата-ана термині қолданылмайды. Оның орнына «ата-ана 1», «ата-ана 2» деген баламаны қолданады).
Ал мектеп жағдайында бастауыш сынып оқулығында отбасының суретін салу тапсырмасы беріледі. Бұл да бала үшін қосымша стресс әрі кейін балалар арасында буллинг пен қызғанышқа себеп болады. Себебі барлық бала отбасының толық болғанын қалайды. Ал оны басқалардан көргенде әлі оң, солын танымаған бала үшін бұл оның ішкі жағдайында кері үлгіде көрініс табады.
Бала үнемі қорқыныш сезімімен жүреді немесе құдды бір айналасы оны тастап кететіндей сезінеді. Сондықтан түрлі шешім қабылдауда қиналып, тіпті ауырғанын жасыратын кездер де болады.
«Өзіме деген сенімділік төмен. Әсіресе таңдау жасағанда қатты қиналамын. Анаммен тұрғандықтан, кейде әкем серуендеуге ұсыныс тастағанда, анам ренжіп қала ма деп те ойлаймын. Өмірімнің басқа сфералары, мамандық таңдауға да әсерін тигізді. Ажырасудың бұл нәрсеге қатысы бар ма, жоқ па білмеймін, бірақ эмоциямды ашық жеткізе алмаймын. Адамдарға да сене алмаймын. Құдды, мені тастап кететін секілді», - дейді Назарбаев Университетінің студенті.
Көзқарасының өзгеруі
Баланың өзін кінәлі сезінуінің арты оның көзқарасының өзгеруіне алып келеді. Мысалы, кейбір дүниелерге тым қатты назар аударуы немесе ата-анамды құтқарамын деген рөлге бейсаналы түрде кіріп кетуі.
«Күлшеқыз мультфильмін көріп отырған кезімізде, қызым ертегінің сюжеті мен өзінің өмірін байланыстыра отырып, «күлшеқыздың анасы секілді қайтыс болып кетпейсің бе? Ертең әкемнің екінші әйелі де осы жердегідей зұлым болса не істеймін?» деп сұрады», - дейді тағы бір кейіпкеріміз.
Осы тұста ажырасудың балаға әкелетін әсері туралы психолог Хурматуллаева Қарлығаш:
«Ата-анасының ажырасуы міндетті түрде балаға моральді тұрғыда зақым әкеледі деген қатып қалған принцип жоқ. Бала кімде қалса, соның ажырасуға деген позициясы мен көзқарасы балаға әлдеқайда көп эффект береді», - дейді.
Сондықтан отбасының қандай жағдайда ажырасқаны және ажырасқаннан кейін әкесі мен анасының бір-біріне деген құрметі үлкен рөл ойнайды. Әрине, ешқандай бала ата-анасының бөлек тұрғанын қаламайды. Сондықтан ажырасудан кейін де бала ата-анасын қосуға әрекет жасауы мүмкін. Бұл кезеңде балаға кедергі жасауға болмайды. Керісінше онымен көбірек сөйлесіп, ашық әңгімелескен жөн.
Екіге айырылған әлемнен кейінгі екі таңдау
Ажырасу болғаннан кейін баланың өзгеруінің екі үлгісі бар. Бірі - оның эгоист болып кетуі. Яғни ешкімге сенбеу, үнемі болатын қорқыныш пен үрей сезімі оның тек өзін ғана ойлауына алып келеді. Екіншісі - айналасына ыңғайлы, өзгелердің көңілін ойлайтын адамға айналу. Жиі кездесетіні баланың өзгелердің көңілін тым ойлап, бауыр басып қала беруі. Бұл нәрсе кейін өзі отбасы құрғанда кері әсер алып келуі мүмкін.
Алименттің балаға әсері
Егер анасы жұмыс істемей, тек әкесі тараптан келетін алиментпен баланы асырайтын болса, ол оның психологиясына әсер етеді. Сондықтан егер бала анасында қалса, анасының жұмыс жасағаны маңызды. Біріншіден, бұл балаға әкесінің қылмыскер секілді айыппұл төлеп жүргендей түсінік қалыптастыруына жол бермейді. Екіншіден, анаға деген сенімділік қалыптасады. Ата-анасы ажырасқан балалар үшін сенімділік өте маңызды дүние. Сондықтан тым құрығанда бір тарапта ол сенімді болу керек.
Ажырасудың негативті ықпалын азайту үшін не істей аламыз?
Біз ел-жұрт болып, ажырасуды түп-тамырымен жойып, не алдын ала алмауымыз мүмкін. Бірақ оның балаға деген негативті ықпалымен әлі де күресе аламыз?
Ажырасқаннан кейін таңдаған жарыңыздың саналы, адамгершілігі бар болуы маңызды;
Ажырасқаннан кейін 2 тарап баланың тәрбиесіне бірдей ат салысып, қаржылай қамтамасыз етуі қажет;
Кез келген жағдайда көздейтін құндылықтың болуы;
Әке-шешесі екі жаққа кетсе де бір-біріне деген сыйластықты сақтауға әрекет жасау;
Баламен сөйлесіп, оған назар аударып, тұрақты түрде эмоциясын ашық көрсете алатындай орта қалыптастыру.
Ажырасудың алдын алу жұмыстары бойынша әлемдік тәжірибелер
Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде жанұяларға жанжалдарды шешуге және жаңа жағдайларға бейімделуге көмектесетін отбасылық терапияның кең таралған тәжірибесі бар. Ал Швеция мен Финляндияда ата-аналар ажырасқаннан кейін мемлекеттен баласына қосымша материалдық көмек ала алады. Ажырасу көрсеткіші төмен Ирландия (0,7) Италия (0,8) мен Грецияда (1,1) қоғамдық және мәдени ұйымдар отбасылық құндылықтарды насихаттау және қиын жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсету үшін түрлі іс-шаралар мен науқандар жүргізеді.
Әр мемлекет өзінше жеке стратегиясын құрастырады. Осы орайда айта кететінім, Қазақстанның құлағына алтын сырға, ажырасудың алдын алу бойынша стартап жасауды назарға алу керек. Дегенмен ажырасу бұл жұлып алып тастайтын арам шөп емес. Сондықтан мемлекет, қоғам, отбасы және әрбір жеке тұлға күш салу қажет.
Автор: Әсем Дүйсенбек