SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шерзат Полатты аса қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сот процесінде прокурор екі куәгер — Нұрбекова Эльмира мен Жақсгелді Данаға қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады.
Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сот отырысында куәгерлердің шындықты жасыруға тырысқанын мәлімдеді.
“Сотқа қатысып отырған екі куәгер — Нұрбекова мен Жақсгелді қылмыс орнында болғанын растады. Алайда олар өздерін шок күйде болғанын, оқиғаны толық көрмегенін, құқық қорғау органдарына хабарлай алмағанын айтты. Себеп ретінде қорқынышты алға тартты. Бірақ тергеу барысында алынған бейнежазбалар олардың айтқандарын жоққа шығарып отыр”, — деді Сәрсенбай.
Toyota Prado көлігіндегі бейнежазбаларда қанды оқиғадан кейін екі қыздың "еш уайымсыз, көңілді" отырғаны, сотталушылармен бірге әзілдесіп, дөрекі сөйлегені көрінеді. Прокурор бұл олардың шок күйінде болмағанын, жағдайды толық бақылап отырып, саналы түрде үнсіз қалғанын айғақтайтынын атап өтті.
Мемлекеттік айыптаушы Қылмыстық кодекстің 405-бабына (қылмысты жасыру) сәйкес, екі куәгердің әрекетін құқықтық тұрғыдан бағалап, оларға қатысты жеке қаулы шығаруды және материалдарды Алматы облысының полиция департаментіне жолдауды сұрады.