SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда Роза Рымбаева есімді кәсіпкерге рұқсатсыз акция өткізгені үшін айыппұл салынды.
Ақтауда балаларға тегін балмұздақ тарату кезінде қоғамдық тәртіп бұзылғаны үшін жергілікті кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
29-шағын аудандағы Ars сауда үйінде орналасқан Abu Baby балалар киімі дүкені тегін азық-түлік пен сыйлықтар тарату бойынша қайырымдылық акциясын ұйымдастырған. Алайда іс-шара жергілікті атқарушы органмен алдын ала келіспестен өткізілген.
"Көпшілік жиналған шара қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкеліп, аймақтағы жағдайды ушықтырды", – делінген әкімдік мәлімдемесінде.
Шараны ұйымдастырған кәсіпкердің аты-жөні Роза Рымбаева — бұл халық әртісі Роза Рымбаевамен тек тегі ғана сәйкес келген. Кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК 488-1-бабы («Халық жиналатын шараны алдын ала хабарламай немесе келісімсіз өткізу») бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.
Әкімдік азаматтарға көпшілік қатысатын кез келген шара – мейлі ол қайырымдылық акциясы, тегін азық-түлік тарату болсын – жергілікті билікпен алдын ала келісу қажет екенін ескертті.
Бұған дейін аталған акция кезінде бірнеше бүлдіршіндердің адамдардың арасында адасып кеткені туралы да ақпарат тараған еді.