SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Құлсарыға Кентаудан сәлем жолдаған жасөспірім су тасқынынан зардап шеккен аймақтағы ауыр ахуалды көріп қатты уайымдағанын айтады. Бұл туралы Kazinform жазды.
Кентау қаласында су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Орталық алаңға қойылған жүк көлігіне қала тұрғындары қажетті заттарды алып келіп, өткізіп жатыр. Олардың ішінде азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарлары бар. Игі іске жергілікті кәсіпкерлер ұйытқы болып отыр. Сондай-ақ арнайы ашылған есеп-шот арқылы да қаржы жинақталып жатыр.
Бүгін таңертең орталық алаңға анасына еріп келген 11 жастағы Гауһар Шәймерден өзінің жыл бойы жинаған қаражатын көмек қабылдаушыларға табыс етті. Көк қорапшаға салынған ақша жинағыштың қасында арнайы жазылған хатта бар.
«Құлсарыға Кентаудан сәлем!» деп басталатын жазбада жасөспірім кентаулық оқушылардың өздерімен бірге екенін баяндаған.
«Мен Сіздердің ауыр жағдайларыңызды көріп, қатты уайымдадым. Сіздер қазақтың батыр ұлдары мен қыздарысыздар. Сондықтан бұл қиындықтан аман-есен өтетіндіктеріңізге сенімдімін», - делінген хатта.