676

Шетелдіктен 90 мың доллар тәркіленді

Атырау облысында Грузия азаматынан 90 мың доллар (40 млн 507 мың 38 теңге) тәркіленді, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Шетелдіктен 90 мың доллар тәркіленді
МКК

Биыл ақпанда «Атырау-Кутаиси» халықаралық әуе рейсі арқылы ұшпақ болған Грузия азаматынан 100 мың доллар (45 млн 7 мың 820 теңге, 1 доллар – 450,08 теңге) анықталды. Оның қолында 10 мың доллар болған, ал жол жүгінде 90 мың доллар жасырылған.

Қомақты қаржыны Атырау облысы «Әуежай-Атырау» кеден бекетінің қызметкерлері анықтады. Бақылау облыстық шекара қызметі және экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген.

Заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Күшіне енген сот шешіміне сәйкес, 90 мың доллар мемлекет пайдасына тәркіленді. Қалған 10 мың доллар Грузия азаматына қайтарылды. Сондай-ақ шетелдіктен 40 АЕК (147 мың 680 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл өндірілді, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 «Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, 10 мың доллардан (4 млн 500 мың 782 теңге) асатын қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынған.