SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, желідегі видео 2 миллионнан астам қаралым жинап, қызу талқыға түсті.
Видео авторы адвокаттың оғаш іс-қимылы түсірілген видео астына “насыбай” деген жазба қалдырған.
Желі қолданушыларының кейібірі мұны әзілге айналдырса, енді бірі дәрі ішіп отырғанын айтып, адвокатты ақтады.
“Білгенін істеп отыр”, “Бишімбаевтан бұрын сотталып кетер ме екен?”, “Үкімет насыбайға тыйым салды, бұлар әлі қоймай жүр”, “Бәсе миға сыймайтын сұрақты қайдан қояды десем”, “Бишімбаев адвокат таңдауда қателеспепті”, “Бұл насыбай емес, оны бұлай аузына сала алмас еді”, “Насыбай емес жаңғақ дейді кейін”, “Дәрі шығар”, “Насыбай атып, адвокат рахатқа батып отыр”, – деді пікір қалдырушылар.
Адвокат Ерлан Ғазымжановтың осыған дейін сотта ұйықтап қалған видеосы да көптің назарын аударған еді.
Stan.kz тілшісі Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен осы видеоға қатысты пікір сұраған.
“Ол жерде ешқандай насыбай болған емес. Кішкентай ұсақ, кәмпиттер тұрған. Видеоның қай кезде тарағанын білмедік, бәлкім үзілісте түсіп қалған шығар. Желідегі адамдардың “насыбай” дегенді қайдан шығарып алғанын түсінбедік. Біз ол жерде не болғанын, қандай зат болғанын сұрастырып білдік. Алайда бұл насыбай емес, ұсақ кәмпиттер”, – деді қалалық соттың баспасөз қызметі.