Өгей әкесі ит пен мысық етін беріп, зәрін ішкізді делінген жасөспірім бала оқитын мектеп директорын жұмыстан босату мәселесі қаралып жатыр.
Қалалық білім басқармасы қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Абылаевтың айтуынша, педагогтер асыранды балалардың қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын бұған дейін білген және дер кезінде дабыл қақпаған. Осы әрекеті үшін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, жасөспірім баланың сынып жетекшісі, педагог психолог, әлеуметтік педагогке қатаң ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданылған.
«Асырап алуға берілген бала мектепке немесе балабақшаға барса, біз ондағы мамандармен күнделікті байланыстамыз. Олар қандай бар жайттарды байқаса, дереу бізге хабар беруі керек. Жасөспірім бала өміріндегі қиындықтары туралы мектепке бірнеше ай бұрын айтқан. Алайда мектеп бізден жасырған. Қазір білім басқармасы тарапынан мектеп директорын арнайы баппен жұмыстан босату мәселесі қаралып жатыр», - деді Нұрдәулет Абылаев.
Бөлім басшысы Шымкенттегі балалар үйі мен Астана, Алматы және Өскемендегі бөбектер үйінің тәрбиеленушілері республика бойынша балаларды асырап алуға ниетті үміткерлер базасы арқылы таңдап алынғанын айтты. Шымкенттік емші мен оның әйелі 6 баланың барлығын патронаттық тәрбиеге алған, кейін оның екеуін сот шешімімен заң аясында асырап алған. Қалған төртеуі қамқорлықтарында қала берген.
Нұрдәулет Абылаев қорғаншылық қызметкерлері бекітілген талап бойынша бұл балалар тұратын отбасыға барып, тексеру жұмыстарын жүргізгенін алға тартты.
«Мемлекеттік қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы Үкіметтің №382 қаулысы бар. Соған сәйкес біз 6 айда бір рет бала қамқорлыққа берілген мекенжайға барып, тексеру жұмыстарын жасаймыз. Біздің қызметкерлер былтыр қазан айында бұл мекенжайға барған. Ол кезде үлкен бала үйде болмаған, қалған балалардың киімдері бүтін, сырттай қарағанда дене жарақаттары байқалмаған. Біз белгілі бір шағым түспесе және жауапты арнайы орган өкілдерінсіз олардың киімін шешіп, тексеру жүргізе алмаймыз», - деді ол.
Арнайы комиссия акт толтырып, өгей әке тарапынан жауыздық көрді делінген балаларды 13 ақпанда (сейсенбі күні: авт) бұл отбасынан алып кеткен. Оның екеуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, қалған төртеуі бөбектер үйіне орналастырылған. Бір қызығы, бөлім басшысы балалардың жағдайы туралы хабарды жұма күні (9 ақпанда: авт) естідік, бірақ ол күні жұмыс аптасының соңы болған соң, барып үлгермегенін айтып отыр.
Білім басқармасы аталған оқиғаға қатысты арнайы баспасөз мәслихат ұйымдастырып, сол кезде барлық сұраққа жауап береміз деп уәде етті.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар балалар медициналық тексеруден өткен кезде денелерінде ұрып-соғу белгілері, көптеген көгерулер, жаралар, сызаттар және кішкентай тыртықтар болғанын айтты.
«Оларға дер кезінде медициналық емдік шаралар тағайындалды. Бүгінгі таңда түрлі дәрумендерді, емдік массаждар қабылдауда. Олармен психолог мамандары да жұмыс істеп жатыр. Бөбектер үйіндегі бүлдіршіндер күнделікті монтессори сабақтарына қатысуда. Қазіргі таңда олар салмақ қосып, жағдайы жақсарды. Дендері сау», - деді денсаулық басқармасындағылар.
Бұған дейін Балалар омбудсменінің Шымкент қалалық өкілі Жаннета Жазықбаева KAZINFORM тілшісіне берген сұхбатында балаларды асырап алған емші осыдан 10 жыл бұрын адам емдеп отырып, бір әйелді өлтіріп алғанын айтқан болатын. Кейін психикалық ауытқуы бар деген анықтамамен жазадан құтылып кеткен. Бұл туралы полицияға жауап беру кезінде емшінің інісі байқаусызда айтып қалған көрінеді.
Сондай-ақ, Жаннета Жазықбаева шымкенттік емші қазіргі таңда Алматыдағы психдиспансерде жатқанын айтты.
Қалалық Полиция департаменті қоғамдық резонанс тудырған оқиға бойынша күдіктінің бұған дейін істі болғаны не болмағаны туралы мәлімет бермеді. Оның үстінен Қылмыстық істің 110-бабы (Қинау) және 140-бабы (Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша іс қозғалып, қазір уақытша изоляторында қамауда екенін мәлімдеді. Аталған іс бойынша күдікті тек бір адам. Оның әйелінен үстінен іс қозғалмаған.
Істі жүргізген тергеуші тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, прокуратураға жолданғанын айтты.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс осы апта ішінде сотқа келіп түсу керек.
Балаларына жауыздық танытты деген емшінің өткені мен жалпы мінез-құлқы туралы білу үшін көршілерімен тілдесуге тырыстық. Олар балалар өзге бүлдіршіндер секілді көшеге ойнауға шықпайтынын, жалпы бұл отбасы көршілерімен араласпайтынын айтты.
«Шыны керек, ол кісімен араласпаймыз. Тәуіпкершілігі бар ғой, адам қабылдайды. Бірақ қазір ешкім келмей қойды. Өзі де көрінбейді... Негізі біз онымен араласпаймыз. Балаларын есік қақпасынан шығармайды. Тек үлкен баласы сабаққа барып келетін», - деді көршілері.
Еске салсақ, біз бұған дейін Шымкентте жергілікті танымал емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысық етін бергенін, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз.