Ақтөбе облыстық полиция департаменті жаз мезгілінде терезе жиі ашық тұратынын айтып, тұрғындарға жиі ескерту жасап келеді. Дегенмен балалардың терезеден құлап кету дерегі жиілеп кетті.
– Бала бөлмеде ойнап жүріп, терезе алдына шыққан. Олар көпқабатты үйдің 7-қабатында тұрады. 5 жасар бала абайсызда құлап, алған дене жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Биыл облыста 7 бала терезеден құлады. Біреуі қайғылы аяқталып тұр, - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Еске салсақ, 6 және 7 мамыр күндері екі бала бесінші қабаттан құлап кетті. Олардың бірі – 2-де, ал, екіншісі – 5 жаста. Екеуі де бірден облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Бес жасар баланың облыс орталығына Шалқар ауданынан келгені анықталды.