«Шетелде жүрсек те, жүрегімізге батады»: Садриддин Ахмедов АҚШ-тағы жеңісінен кейін марқұм Шерзат Болат туралы айтты
Қаралы отбасының мүшелері қамауға алынып, тіпті оларға айыппұл тағайындалған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кәсіпқой бокста орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Садриддин Ахмедов (15-0, 12 KO) бүгін кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Ол жекпе-жектен кейін бұл жеңісін қазақ еліне арнайтынын айтып, Талғарда қаза тапқан Шерзат Болат туралы да ойын ортаға салды.
«Бұл жеңісіммен барша қазақ елін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Сондай-ақ, Қазақстанда көп жағдай болып жатқанын жақсы білесіздер. Соның бірі – Шерзатқа байланысты жағдай. Шетелде жүрсек те, оның бәрі жүрегімізге батады. Еліміздің көк туын осындай ареналарда көтеру – біз үшін үлкен мәртебе. Қазақ елі, сіздерді қатты жақсы көремін. Осы жеңісімді қазақ еліне арнағым келеді», - деді Садриддин Ахмедов.
Айта кетейік, отандасымыз бүгін АҚШ-тың Санта-Инез қаласында өткен Hollywood Fight Nights бокс кешінде америкалық боксшы Рафаэль Игбоквемен (17-6, 7 КО) жұдырықтасты. Жекпе-жек жетінші раундта Садриддиннің нокаутымен аяқталды. Ахмедов-Игбокве бәсекесі әйгілі қазақстандық Геннадий Головкинмен ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген промоутер Том Леффлердің 360 Promotions шоуы аясында өтті.
Материал авторы