SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, желіде атыраулық кәсіпкерге 37 миллиард теңге айыппұл салынғаны туралы ақпарат тарады. Оның айтуынша, бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде бұрын соңды кездеспеген көлемді айыппұл. Бұл туралы Stan.kz жазды.
Атыраулық Мұрат Ниязов мұнай қалдықтарын кәдеге жарататын шағын бизнеспен айналысады. Оның сервистік компаниясы 2019 жылы құрылған. Шағын кәсіптің негізгі қызметі – құрамында мұнай бар қалдықтарды басқару және кәдеге жарату. Компанияның 2 жыл ішіндегі табысы салық пен шығынды есептегенде 40 миллион теңгеге әрең жеткен. Дегенмен кәсіпкерге табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 37 миллиард теңге айыппұл салынған.
Бұл айыппұл көлемі туралы ақпарат әуелі әлеуметтік желілерге тарап, қолданушылар арасында қызу талқыға түсті. Көпшілік мұндай сомаға таңданыстарын білдірді. Сондай-ақ кәсіпкерге Гиннестің рекордтар кітабына өтініш беруді ұсынды.
“37 миллиард теңге. Бұл әлемде болмаған рекорд қой. Гиннестің рекордтар кітабына өтініш беріңіз. “Теңізшевройл", "Норт Каспиан Оперейтинг Компани" және "Атырау мұнай өңдеу зауыты" бірігіп 30 жылдан бері мұндай айыппұл алмаған”, “Президент Қазақстанды “штрафстан” деп атағанымызға ренжиді”, “Бұл туралы кітап жазуыңыз керек. Instagram және TikTok-ты іске қосып, жағдайыңызды баяңдаңыз. Сол кезде кітабыңыз бүкіл әлем бойынша бестселлерге айналады”, “Ол 200 жыл өмір сүрсе де бұл айыппұлды өтеп біте алмайды”, – деп жазды олар.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотынан мән-жайды сұрап білді.
Бірінші сатыдағы сот "Oxygenator" ЖШС-ның зиянды мұнай қалдықтарын тиісті экологиялық рұқсатсыз жинау арқылы табиғатты қорғау заңнамасын бұзғанын анықтады.
"2022 жылы"Oxygenator" ЖШС "Ембімұнайгаз" АҚ-на 9 480 тонна мұнаймен ластанған топырақты кәдеге жарату қызметін көрсеткен. Бұдан басқа, "Oxygenator" мекемелерден 13 568, 292 тонна мұнай және әртүрлі қауіпті қалдықтарды І санаттағы объекті ретінде жою мақсатында, қалдықтарды жинақтап, оған қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтеріне, яғни қауіпті қалдықтардың жинақталу лимиттерін көрсете отырып, экологиялық рұқсат алмаған. Сөйтіп "Oxygenator" ЖШС Экология кодексінің 106-бабының 2-тармағының талабын орындамаған. Осылайша көрсетілген көлемдегі қауіпті қалдықтарды залалсыздандыруды экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырған", – делінген хабарламада.
Нәтижесінде компанияға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) бойынша 37 миллиард 495 миллион 296 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған. Дегенмен кәсіпкер Мұрат Ниязовтың өзі бұл шешіммен келіспейді.
"Бізде патент бар. Құрамында мұнай бар қалдықтарды, бұрғылау ерітінділерін, қалдықтарын кәдеге жарату технологиясын жасап шығардық. Бұл әдіс өте қарапайым және кеңестік дәуірден бері бар. Біз қалдықтарды сөндірілмеген әкпен кәдеге жаратамыз. Кейіннен біздің патентке сәйкес, химиялық реакция нәтижесінде бұл қалдықтар жасанды топыраққа айналады", – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, ол жергілікті тұрғындардың арызынан кейін жауапқа тартылған.
"Тәуелсіз экологиялық сараптамалар көрсеткендей, біздің полигоннан шығарындылар жоқ, бәрі қалыпты болды. Бұл қалдықтар 4,5 гектар аумақтағы мамандандырылған учаскелерде орналасып, залалсыздандырылған. Полигонда бірнеше арнайы карталар бар, оның ішінде сұйық мұнай қалдықтары, бұрғылау ерітінділері, рекультивация алаңы бар", – деді кәсіпкер.
Кәсіпкердің сөзінше, айыппұл қалдықтарды уақытша жинақтауға лимит болмағаны үшін шығарылған.
Мұрат Ниязов айыппұлды өтеу үшін жыл сайын 10 миллион теңге төлей алатынын айтты. 37 миллиард теңгені өтеп болу үшін оған 3700 жыл қажет.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2023 жылы 29 қарашадағы қаулысымен "Oxygenator" ЖШС-не қатысты соттың 2023 жылы 1 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылды. Адвокаттардың шағымдары да қанағаттандырылмады. Сот қаулысы күшіне енді.
2024 жылы 4 қаңтарда аталған қаулы мәжбүрлі түрде орындауға жолданды.
2025 жылы 29 қаңтарда мемлекеттік сот орындаушысы А. Бимұханова аталған соттың қаулысын "Атқарушылық іс жүргізу жəне сот орындаушыларының мəртебесі туралы" Заңның 47-бабының 1-тармағының 4 тармақшасына сәйкес, борышкерді белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттейтін атқарушылық құжатты орындау мүмкіншілігі жоғалуына байланысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдады.