SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атыраулық кәсіпкерге экология заңын бұзғаны үшін салынған 37 миллиард теңге айыппұл ісі Жоғарғы сотқа өтті. Бұл туралы Сот әкімшілігі жеткізді.
ТОО Oxygenator компаниясы Атырау облысының экология департаментіне қарсы шағым түсіріп, 2023 жылғы 12 қыркүйектегі тексеру актісі мен бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға қарсы дауласуда. Кассациялық сот отырысы 17 маусымда өтпек.
Айта кетейік, бұл іс қоғамда резонанс тудырған еді. Себебі 42 жастағы кәсіпкер Мұрат Ниязовқа тиесілі мұнай қалдықтарын жоюмен айналысатын компания экологиялық рұқсатсыз 13 мың тоннадан астам қауіпті қалдықты жинаған. Соның негізінде ӘҚБтК 328-бабы бойынша рекордтық айыппұл салынған.
Кәсіпкер бұған дейін берген сұхбатында айыппұлдың тым қатаң екенін айтып, жылына ең көп дегенде 10 миллион теңге төлей алатынын, сонда толық өтеуге 3700 жыл керек екенін жеткізген.
Экология министрлігі бұл бұзушылық 2022 жылдан бері жалғасып келе жатқанын растап, қалдықтар әлі күнге дейін жойылмағанын мәлімдеді. Қазіргі таңда айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіру процесі жүріп жатыр, сондай-ақ сот компанияның экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеуіне тыйым салу шешімін шығарған.
Айыппұл мөлшері қалай есептелді?
Атырау облыстық сотының түсіндіруінше, айыппұл қоршаған ортаға келтірілген зиянның көлеміне байланысты, АЕК мөлшеріне сәйкес есептелген. Нәтижесінде 37 495 296 527 теңге көлемінде айыппұл бекітілген.