1659

Трамп: «Ресей дағдарыста, ал Путинге бәрібір сияқты»

Трамп Путин мен Зеленскийді «саябақта төбелесіп жатқан екі балаға» теңеді.

Трамп: «Ресей дағдарыста, ал Путинге бәрібір сияқты»
ТАСС/Валерий Шарифулин

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, Ресей Украинадағы соғыста апта сайын 5 мың сарбазынан айырылып жатыр, алайда бұл жағдай Ресей басшысы Владимир Путинге еш әсер етпейтін сияқты.

«Мүмкін, оған бәрібір шығар. Мен енді оған бұл маңызды емес деп ойлай бастадым. Ол көп сарбаз жоғалтып жатыр. Украина да солай. Енді не боларын көреміз», – деді Трамп 11 маусымда Pod Force One подкастында.

Оның айтуынша, бұған дейін Мәскеу мен Киев арасындағы тікелей келіссөздер кезінде белгілі бір прогресс болған. Алайда кейін «бомбалауға болмайтын нысандарға соққы жасалған», бұл жағдай келіссөздер процесінің тоқтауына себеп болған.

The Atlantic басылымының жазуынша, Трамп Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) маусым айының басында жүзеге асырған «Өрмек» деп аталатын операциясына көңілі толмаған. Аталған операция кезінде дрондардың көмегімен Ресейдің кемінде 12 стратегиялық бомбалаушы ұшағы жойылған.

Ақ үйдегі дереккөздердің айтуынша, Трамп бұл әрекет қақтығысты ушықтыруы мүмкін деп есептейді. Сондықтан ол Украина президенті Владимир Зеленскийге осындай демонстративті шабуылдардан гөрі Стамбулдағы Ресеймен келіссөздерге көбірек назар аударуға кеңес берген.

Трамп тіпті Путин мен Зеленскийді «саябақта төбелесіп жатқан екі балаға» теңеп, екеуінің де бір-бірімен біраз айқасып алғаны дұрыс шығар деп пікір білдірген.

Зеленский бұл пікірге жауап ретінде: «Біз – балалар емеспіз. Путин — балаларды өлтіру үшін саябаққа келген кісі өлтіруші», – деді.

2025 жылдың мамыр айының соңына қарай "Медиазона" мен BBC-дің орыс қызметі Украинадағы соғыста қаза тапқан 110 608 ресейлік сарбаздың аты-жөнін анықтаған. Алайда журналистер бұл тек ресми тіркелген өлім-жітім екенін және нақты сандар әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін атап өтті.

Олардың есептеуінше, тіркелген құрбандар нақты шығынның 45-65 пайызын ғана құрайды. Осыған сүйенсек, жалпы қаза тапқандар саны 170 мыңнан 246 мыңға дейін жетуі мүмкін. Ал Ресей армиясының құрамында соғысқан Луганск және Донецк облыстарының тұрғындарын ескерсек, бұл көрсеткіш 191 мыңнан 269 мыңға дейін баруы ықтимал.

АҚШ билігінің есебі бойынша, 2024 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың сәуіріне дейін Ресей Украинада 400 мыңнан астам адамынан айырылған (өлген және жараланғандар). Осы уақыт аралығында ресейлік күштер Украина аумағының шамамен 4700 шаршы шақырымын ғана басып алған. Бұл – әр шаршы шақырым үшін орта есеппен 84 сарбаздан айырылу деген сөз.

НАТО барлау қызметінің дерегінше, соғыстың басталғанына үш жылдан асқан уақытта Ресей әскері 900 мыңға жуық адамынан айырылған.

Материал авторы