SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Лос-Анджелес маңында орын алған жол-көлік оқиғасында көлік жардан құлап, өртеніп кеткен. Дәл сол сәтте оқиғаға куә болған қазақстандық актер Санұржан Сүлеймен бірден әрекетке көшіп, отқа оранған көліктің ішінен жүргізушіні құтқарып қалды.
Куәгерлердің сөзінше, жүргізуші көлік ішінде қысылып қалған. Санұржан еш ойланбастан көлікке қарай жүгіріп, жалын ішіне кіріп кеткен. Ол қайсарлығы мен шапшаң шешімінің арқасында көлік жүргізушісін тірідей сыртқа шығарып үлгерген.
Құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметі оқиға орнына кейінірек жетіп, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті.
"Шүкір!
Есте қалар күн болды. Бәрі жақсы, жарақат алған жоқпын. Өмірімізге жауапкершілік ала біліп, бір-бірімізге қамқор болайықшы", - деп жазды ол.
Ал Санұржанның бұл ерлігі әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды.
"Нағыз батыр! От пен өлімнің арасынан адамды алып шығу – жүрек жұтқанның ісі", – деп жазуда желі қолданушылары.
Санұржан Сүлейменов – 1998 жылы туған актер. Ол «Аңшы бала», «Районы», «Шестой пост», «Арман», «Жақсылық», «Время патриотов» секілді киножобаларда басты рөлдерді сомдаған. Қазір театр сахнасында да белсенді өнер көрсетіп, шетелдік сериалдарға қатысып келеді. Сонымен қатар қоғамдық бастамаларға жиі атсалысады.