1575

Назарбаевтың қарындасына тиесілі компания 10 миллиард теңгенің контрабандасына қатысты дауға ілікті

Компания Қытайдан елге заңсыз тауар кіргізіп келген көрінеді.

Назарбаевтың қарындасына тиесілі компания 10 миллиард теңгенің контрабандасына қатысты дауға ілікті
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда контрабанда мен жалған шот-фактуралар бойынша қозғалған атышулы іске нүкте қойылды.

Алмалы аудандық соты Қытайдан заңсыз тауар кіргізіп, мемлекетке миллиардтаған теңге зиян келтірген «Group of the Companies TDA» серіктестігіне қатысты үкім шығарды. Компанияның бұрынғы иелерінің қатарында Қазақстанның тұңғыш президентінің қарындасы – Анипа Назарбаева болған.

Orda.kz таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл компания экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, 100-ден астам контейнерді кедендік рәсімдеуден тыс елге кіргізген. Қылмыстық схемаға 10 жалған ЖШС тартылып, солар арқылы фиктивті шот-фактуралар жазылған.

Мемлекетке келтірілген залал:

ҚҚС, КТС және кедендік төлемдер бойынша – 10 млрд теңге.

Тергеу барысында 643 млн теңге өтелген.

1,3 млрд теңгенің тауары, жер телімдері, автокөліктер және тағы басқа 300 млн теңгелік мүліктәркіленді.

Қарызы бар 47 компания өз еркімен есеп айырысып, бюджетке 240 млн теңге салық төлеген.

Сот үкімімен айыпталушылар 1,4 жылдан 4,6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы бір күдікті халықаралық іздеуде.

TDA компаниясы мен Анипа Назарбаева арасындағы байланыс ашық дереккөздерде тіркелген. Бизнес құрылымдарында оның серіктесі ретінде Әли Қылышпаев көрсетілген. Бұлар бірнеше рет компания атауын, заңды мекенжайын өзгертіп отырған. Назарбаева мен Қылышпаевтың басқа да логистика және сауда саласындағы жобалары болғаны анықталған.

Айта кетейік, Анипа Назарбаеваның немен айналысатыны, оның өмірі туралы біршама ақпарат көпшілікке беймәлім. Белгілісі, ол Шамалған ауылындағы резиденцияда тұрады. Ал ол Нұрсұлтан Назарбаевтың туған үйінің қарсы бетінде орналасқан.

Материал авторы