Путиннің дирижер досы Валерий Гергиевтің Италиядағы концерті өтпейтін болды
Украина белсенділері мен Навальный жақтастары Гергиевтің концерт өткізуіне қарсы шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Италияның Казерта қаласындағы Король сарайында өтеді деп жоспарланған ресейлік дирижёр Валерий Гергиевтің симфониялық концерті өтпейтін болды.
Концерттің 27 шілдеге белгіленгені айтылғанымен, ұйымдастырушылар шараның нақты не себепті тоқтатылғанын түсіндірмеді. Дегенмен агенттік мәліметіне сенсек, Владимир Путиннің сенімді өкілі саналатын Гергиевтің қатысуы қоғамда резонанс тудырып, украин белсенділері мен Навальный жақтастары тарапынан қарсылыққа ұшыраған.
Навальный командасы әлеуметтік желіде: «Алақай! Гергиевтің концерті Италияда өтпейтін болды! Келесі қадам — оны санкция тізіміне енгізу!» – деп жазды.
Өз кезегінде Гергиев ТАСС агенттігіне берген қысқа жауабында концерттің тоқтатылғаны туралы ақпараты жоғын айтқан.
Айта кетейік, Валерий Гергиев — Ресей президенті Владимир Путиннің ашық қолдаушысы. Ол 2012 және 2018 жылдардағы президент сайлауында оның сенімді адамы болды. 2014 жылы Қырым аннексиясын, ал 2022 жылдан кейінгі соғысты еш сынамаған.
«Жаңа Европа» басылымының дерегінше, соғыс жылдары Гергиевке қатысы бар қорлар Ресей бюджетінен 2 миллиард рубльге жуық қаражат алған. Соған қарамастан, оны Батыс елдеріндегі концерттерге қайта-қайта шақырып келеді.
Un'Estate da RE фестиваліндегі оның концертіне қарсылық білдіргендердің қатарында Украина белсенділері, Навальный тобы және Еуропарламент төрағасының орынбасары Пина Пичерно да бар. Ал ұйымдастырушылар болса, «мәдениет — адамдар арасындағы диалог пен ынтымақтастық алаңы» деген уәж айтқан.
Материал авторы