SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қорғаушылар тарапынан Хутиев Р.М.-ге қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне бірқатар сұрақтар туындады. Бұл туралы олар арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қорғаушылардың деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың 3 және 14 тамызында Алматы қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша екі іс қозғаған. Айыптау нұсқасына сәйкес, Ерменсай және Архат ықшам аудандарындағы екі жер телімі жалған құжаттар арқылы үшінші тұлғаларға сатылған. Тергеу бұл іске Хутиев Р.М.-нің қатысы бар деп санап, оны 2024 жылдың 27 сәуірінде сырттай күдікті деп танып, 6 мамырда іздеу жариялаған.
Алайда қорғаушылардың айтуынша, Хутиев Астанада тұрып келген және осы уақыт аралығында кемінде екі рет полиция бөлімшесіне өз еркімен барған. Соған қарамастан, оған қатысты 21 мамырда бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкциясы шығарылған.
Тергеу барысындағы келесі күмәнді жайт – айыпталушыдан бір рет, 2024 жылдың 22 қарашасында ғана жауап алынғаны. Осы аралықта басқа тергеу әрекеттері жүргізілмеген. Сонымен қатар, басты куәгер — Баймагамбетова Д. есімді азаматша — бұрын психиатриялық есепте тұрғаны анықталған. Ол кейін прокуратураға арыз жазып, тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын хабарлаған.
Қорғау тарапы тергеуде ұсынылған мобильдік деректер мен НСД (навигациялық сараптама) нәтижелері Хутиев пен басқа фигуранттардың байланысы жоқ екенін дәлелдейді дейді. Айыпталушы да, өзге тараптар да бір-бірін танымайтынын мәлімдеген.
Сонымен бірге, қорғаушылар заңбұзушылық ретінде Хутиевтің тергеу изоляторында дәл осы іс бойынша қамауға алынған бірнеше адаммен бір камераға орналастырылғанын атап өтті. Бұл — Қылмыстық-процестік кодекске қайшы. Адвокаттардың айтуынша, мұндай әрекеттер қысым көрсету мақсатында ұйымдастырылған болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, тергеуге еш қатысы жоқ туыстары — ағаларының үйлерінде тінту жүргізілген. Бір жағдайда — жалған қару сақтау ісі бойынша, екіншісінде — бұрынғы, үкімі шыққан іс аясында.
Қорғаушылар тергеудің бейтараптығына күмән келтіреді. Айтуларынша, осы іске байланысты жәбірленуші ретінде танылған А.Күзембаеваның ұлы Алматы қалалық сотының судьясы болса, туысы Павлодар облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарады. Бұл жайттар тергеу барысына ықпал етіп жатыр деп есептейді.
Адвокаттар Хутиевті ақтауға емес, оның ісін әділ қарау үшін тергеудің заң аясында жүргізілуін талап етіп отыр. Олар Мемлекет басшысы мен Бас прокуратурадан Алматыдағы құқық қорғау органдарындағы заңсыздықтарға назар аударуды сұрайды.