SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға сот үкімі шықты. Оларды алаяқтық және қаржы жымқыру бойынша кінәлі деп таныды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.
Сот отырысы жабық режимде өтті. Журналистер залға кіргізілген жоқ, үкім тек Zoom арқылы көрсетілді. Трансляция кезінде Ғайни Алашбаева судьяның үкімін сабырмен тыңдады. Ал Перизат Қайрат бейнеде көрінбеді.
Сот аяқталғаннан кейін адвокат Асланбек Дәулетияров БАҚ өкілдеріне түсініктеме беріп, қорғауындағы екі әйелдің эмоциялық күйі туралы айтты.
«Үкім шыққан соң Перизатты бірден залдан алып кетті, сондықтан сөйлесе алмадым. Үкім өте ауыр – үлкен мерзім берілді. Сол себепті олардың реакциясы да ауыр болды. Эмоциялық жағдайы күрделі... Бірақ олар жылаған жоқ», – деді адвокат.
Дәулетияровтың айтуынша, ол жақын арада тергеу изоляторына барып, апелляцияға дайындықты бастайды.
Еске салайық, бүгін сот Перизат Қайратты 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Ғайни Алашбаева үкім залында қамауға алынды.