SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов жұбайы Жадыра Сейдешпен бірге түскен фото мен видеосын әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Көпшілікке белгілі, өнер иесі өзінен 45 жас кіші журналист Жадыра Сейдешке 2019 жылы үйленген болатын. Екеуі алғаш рет 2014 жылы КТК телеарнасындағы «Жүрекжарды» бағдарламасында танысқан. Ол кезде Жадыра – 32-де, Нұрғали аға – 77 жаста еді. Уақыт өте келе араларында махаббат орнап, отбасын құрды. Бұл – Нүсіпжановтың екінші некесі. Алғашқы отбасынан оның бес қызы бар.
«Шығармашылық – жан-жақты процесс. Халықтың азаматы болған соң, тың дүние жасап, дамылсыз еңбек ету – менің парызым. “Сұңқар” фотостудиясының жастары маған құрмет көрсетіп, түрлі ұлттық киімдер ұсынып, әсерлі фотосессия жасады. Мұрат бауырыма, Бақыт қарындасыма, фотограф қызым Айданаға алғыс айтып, батамды бердім», - деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.
Желі қолданушылары жас жұбайларға жақсы тілектерін қарша жаудырды:
«Еркектің тағдыры әйелдің қолында деген, атамызды 180 градусқа өзгертіп, өмір көшінен қалдырмай келе жатырсыз», «Әйелге байланысты атамыз ағадай жайнап жасарып құлпырып келеді күннен күнге», «Жадыра ханым, Сізге Алла разы болсын!!! Қазақтың біртуар азаматын осылай жап-жас етіп, күтіп-баптап, стильный киіндіріп, алақаныңызға салып әлпештеп жүргеніңізге басымды иемін. Жарайсыз. Сізді өте жақсы көремін», «Нұрғали аға қандай құрметке де лайықты! Жас кезінен кішіпейіл, мейірімді жанға Алла береді екен», – деген сынды пікірлер көп жазылды.
Нұрғали Нүсіпжанов – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, «Құрмет» орденінің иегері. 1937 жылы 5 қаңтарда Талдықорған облысы, Доланалы ауылында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының вокал бөлімін бітірген. Көп жылдар бойы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде, «Қазақконцерт» гастрольдік бірлестігінде, Қазақ радиосы мен теледидарында еңбек еткен.