SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда анасымен бірге биіктіктен құлаған балалардың бірі көз жұмды. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасының өкілдері мәлімдеді.
Дәрігерлердің айтуынша, бір жарым жастағы баланың жағдайы бастапқыдан-ақ өте ауыр және тұрақсыз болған. Өкінішке қарай, 1 тамыз күні кешке қарай баланың жағдайы күрт нашарлап, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
«Сағат 20:10-да жүрегі тоқтады. 20:40-та өлім тіркелді. Дәрігерлер екі тәулік бойы баланың өмірі үшін барын салды, алайда нәтиже болмады», — деп хабарлады облыстық аурухана мамандары.
Еске салайық, 30 шілде күні сағат 13:00-де Павлодарда әйелдің екі баласын бесінші қабаттан лақтырып, артынша өзі де секіргені туралы жедел жәрдемге хабарлама түскен болатын. Бұл жантүршігерлік оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді.
Қазір аталған факті бойынша «Адам өлтіру» және «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» баптарымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Құзырлы органдар оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр. Ал екінші баланың жағдайы туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.