SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Баян Алагөзованың «қазақтар Ислам дінін қабылдамаған» деген пікірі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Продюсердің бұл мәлімдемесі белгілі дін қызметкері Данияр Кенжеұлының наразылығын тудырды. Ол продюсердің күйеуі Тұрсын Алагөзовке тиесілі Maxi шайына бойкот жариялауға шақырды.
«Баянның бұл сөзі – жай ғана надандық емес, бүкіл ұлттың рухани болмысына жасалған соққы. Қазақ ежелден мұсылман. “Қазақ мұсылман болмаған” деу – тарих пен шындықты жоққа шығару. Жүректе иман болса, ондай сөз жаныңды түршіктіреді. Сондықтан “Maxi шайды” ішпеңдер!», – деп жазды имам әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алайда бұл үндеу көпшіліктің көңілінен шықпады. Пікір қалдырғандар қоғамдағы шынайы проблемаларға назар аудармай, сөз үшін бойкот жариялаған дін өкілін сынға алды.
«Қыз зорлағандарды неге бойкоттамайсыңдар?», «Кедейлік, жемқорлық, әйелдерді өлтіру, бала зорлау – қалыпты сияқты. Ал біреу тарихи тұжырым айтса, бәрі дүрлігеді», «Бір шайға бола сонша өре түрегелгенше, шынайы әділетсіздікпен күресіңдер» деген сыни пікірлер көбейді.
Айта кетейік, Алагөзова қазақтардың Исламды кейін қабылдағанын айтқан болатын. Бұл пікір тарихшылар арасында да екіұшты қабылданған. Бірі VIII ғасырдан бастап Ислам діні біртіндеп тарағанын айтса, енді бірі бұл процестің ұзақ әрі күрделі болғанын ескертеді.
Қазір әлеуметтік желіде бойкот туралы бастаманың өзі қызу пікірталасқа айналып отыр. Бір тарап имамды қолдаса, екінші тарап оны дін мен идеологияны бизнеске араластырды деп айыптауда.
RUS