2516

Алматы облысында екі зейнеткерді өлтіріп кеткен: біреуі пышақталған, екіншісін тұншықтырған

Қаскөй зейнеткерлерді өлтіріп, үйін өртеп жіберген.

Алматы облысында екі зейнеткерді өлтіріп кеткен: біреуі пышақталған, екіншісін тұншықтырған
depositphotos.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысы Талғар ауданында жеке тұрғын үйден екі зейнеткердің өртенген денесі табылды. Оқиға орнына келген мамандар өрттің ізін жойғанымен, үйдің ішінен қанды қылмыстың белгілерін анықтаған.

Талғар аудандық полиция басқармасына 5 тамыз күні сағат 11:00 шамасында өрт туралы хабарлама түскен. Жедел жеткен өрт сөндірушілер тұрғын үйдің ішкі бөлігінен жанған төсек пен басқа да заттарды тапты. Жалын 4 шаршы метр аумақты шарпыған және өрт сөндірушілер келгенге дейін сөндірілген.

Алайда оқиға орнын тексеру барысында бөлмеде қан іздері мен екі адамның күйген денесі табылған. Қаза тапқандардың бірі — 1946 жылы туған азамат С.В. Оның денесінде көптеген пышақ жарақаттары болған. Ал екінші марқұм — 1949 жылы туған С.Н. — тұншықтырылғаны анықталды: мойнынан жіп пен көгерген іздер табылған.

Қылмыс орнына аудандық прокуратура мен полицияның жедел-тергеу тобы шықты. Қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды.

Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) бойынша іздестірілуде. Қылмыстың нақты мән-жайы сараптамадан кейін анықталады.

Материал авторы