SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзін аңшы мылтығынан атқан қарулы шабуылдан кейін денесінде 60-тан астам бытыра қалғанын мәлімдеді. Ол өзінің рентген суретін жариялап, қазіргі уақытта оңалудан өтіп жатқанын хабарлады.
Берденовтің айтуынша, оқиға салдарынан бес жерінен жараланған. Қазір ол сот отырыстарына денсаулығына байланысты тікелей қатыса алмай отыр.
«Аңшы мылтығынан атылған 60-тан астам бытыра әлі де денемде тұр. Бұл – құжатпен расталған факт», – деп жазды шенеунік әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ, Руслан Берденов кейбір тұлғалар оның үнсіздігін саяси айла ретінде көрсетіп жатқанын айтты. Бірақ ол бұл әрекеттермен келіспейтінін ашық білдірді.
«Кейбіреулер менің үнсіздігімді келісім деп қабылдауы мүмкін. Бұл – үлкен қателік. Мен тек адал, ашық әрі әділ сотты күтіп отырмын», – деді ол.
Берденов шабуыл жасаған адаммен оқиға күнінен бері кездескен емес және олардың арасындағы жанжал қызметтен тыс себептерге байланысты деген қауесеттерді жоққа шығарды.
Айта кетейік, Руслан Берденовке қалалық әкімдік ғимаратының маңында қарулы шабуыл жасалған болатын. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасуда.

RUS