340

Павлодар тұрғыны иті ұлығаны үшін айыппұл арқалады

Тұрғынның үстінен көршісі шағымданған боп шықты.

Павлодар тұрғыны иті ұлығаны үшін айыппұл арқалады
soundcloud.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,Павлодарда түнгі тыныштықты бұзған иттің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, түнде үру немесе ұлу, кіреберіс пен ауладағы ластық — үй жануарын дұрыс ұстамау фактісі болып саналады және иесіне айыппұл салуға негіз болады.

Бір тұрғын полицияға көршісінің иті күн сайын түн ортасында қатты үретінін айтып шағымданған. Тағы бір жағдайда тұрғындар екі күн қатарынан ұлыған итке байланысты полицияға жүгінген.

«Иттің үруі немесе ұлуы оның жағдайы дұрыс еместігін білдіруі мүмкін. Мүмкін, ветеринарға көрсету керек шығар. Біз мәселені өзара шешкіміз келді, бірақ ит иесі өтініштерімізді елемеді. Сондықтан полицияға хабарласуға тура келді», — деді шағымданған павлодарлық.

Полиция департаменті түсіндіргендей, түнгі уақытта шу шығару — «Тыныштық туралы заңды» бұзу болып саналады. Бұл жағдайда жануарға ешқандай талап қойылмайды, алайда оның иесі толық жауап береді.

«Ол — жануар, ештеңе түсінбейді» деген сылтау заң бойынша қабылданбайды. Егер жануардың әрекеті өзгелерге зиян келтірсе, иесі әкімшілік жазаға тартылады. Ең тиімді жол — көршілермен келісімге келу. Ал егер бұл мүмкін болмаса, учаскелік инспекторға жүгіну қажет», — деді ведомстводан.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 4 мыңнан астам адамға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

 

Материал авторы