SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте кәсіпкер әрі қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа байланысты қылмыстық іс бойынша сот тыңдалымы жалғасуда. Кезекті отырыста бірқатар мемлекеттік қызметкерлер куәгер ретінде жауап берді. Бұл туралы Kazinform жазды.
Сотта Шымкент қалалық құрылыс басқармасының құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков пен Берденовтің көмекшісі Талап Рахымбердиевтің түсініктемелері тыңдалды.
Аманғали Кенжебековтың айтуынша, оқиғаға дейін құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев одан «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембайдың өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған-жазбағанын анықтап беруді сұраған.
– Мен Жиембайға хабарласып, арыз жазу жайын сұрадым. Ол «маған бір ай уақыт берілген еді, бәрі түсінікті» деп жауап берді, – деді куәгер.
Кенжебеков кадрлық құжат айналымы өз міндетіне кіретінін, алайда айыпталушыға қатысты тәртіптік жаза қолдану немесе жұмыстан босату жөнінде ешқандай ресми тапсырма түспегенін атап өтті.
Одан кейін сөз алған Талап Рахымбердиев Ернар Жиембаймен бірнеше жиналыста кездескенін, олардың арасында ашық жанжал немесе қақтығыс байқамағанын айтты. Дегенмен, бір жиналыста Жиембайдың слайд-презентациясы дайын болмай, техникалық ақаулар болғанын, сондай-ақ оның киім үлгісі ресми дресс-кодқа сай болмағанын жеткізді.
Куәгердің сөзінше, екінші кездесуден кейін Жиембай бірнеше рет Берденовпен тікелей сөйлесуді сұрап, телефон арқылы байланысқа шыққан.
– Түсте қоңырау шалғанда маған «Русланға берші телефонды» деді. Мен оған субординацияны сақтап, дұрыс сөйлеу керегін ескерттім. Ол болса «өзім сөйлесемін» деп жауап берді. Кейін қайта хабарласып, Берденовтің үйіне баруы мүмкін екенін айтты, – деді Рахымбердиев.
Сотта куәгер Жиембайдың өз еркімен жұмыстан кету үшін бір ай мерзім сұрағанын, бірақ оның себебін ашып айтпағанын растады.
Іс бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр.
RUS