SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша үшінші сот отырысы өтті. 18 тамызда тараптардың жарыссөзі өтіп, одан кейін үкім шығарылады деп күтілуде. Бұл туралы Kazinform жазды.
Судья Әбінұр Қарабаев жәбірленуші Руслан Берденовтің сотқа жеке өзі немесе онлайн түрде қосылуын міндетті деп тапты. Ол бұл мәселені нақтылау үшін ресми өкіл Жеңіс Тыныбекке Берденовпен байланысуды тапсырды.
«Егер Руслан Берденов келе алмаса, тергеу кезіндегі жауабының бейнежазбасы қолданылады», – деді судья. Оның айтуынша, істі толық қарау үшін жәбірленушінің тікелей қатысуы маңызды.
Бүгінгі отырыста қорғаушы тарап оқиға болған жерді қарау хаттамасы мен екі куәгердің жауабын заңсыз деп тану туралы өтініш берді.
Сондай-ақ сотта қастандықтан кейін түсірілген әкімдік ғимаратының ішкі бейнебақылау жазбалары көрсетілді. Кадрлардан полиция мен жедел-тергеу тобының оқиға орнына келген нақты уақыты анықталды.
Кейін сот отырысына үзіліс жарияланды.
RUS