Атырауда тойдағы қақтығыста қаза тапқан 23 жастағы фельдшерді жер қойнына тапсырды
Марқұм дәрігерлер арасындағы спартакиадаға дайындалып жүргенінде қаза болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, облыс орталығында 23 жастағы фельдшерді соңғы сапарға шығарып салды. Ол досының үйлену тойында болған жанжал кезінде оққа ұшқан еді.
Қайтыс болған әріптесін медицина қызметкерлері ерекше құрметпен шығарып салды: оның суреті жедел жәрдем көлігінің ішіне қойылып, траурлық шеру осы көліктің ілесуімен өтті.
«Бұл біз үшін үлкен символға айналды. Күн сайын өзгенің өмірін құтқаруға тырысқан жігіттің өзі осылай ерте әрі қасіретті жағдайда көз жұмды», – дейді марқұмның әріптестері.
Жақындары мен достары оны әрдайым күлімсіреп жүретін, жұмысын сүйген, отбасына қамқор болған жан ретінде еске алды. Жастар арасында ерекше беделге ие болған ол алдағы уақытта әке атануды асыға күтіп жүрген. Оның өлімі туыстарына да, бүкіл медициналық қауымдастыққа да ауыр соққы болды.
Қайғылы оқиға досының тойында болған. Куәгерлердің айтуынша, қонақтар арасында жанжал туып, топтық төбелеске ұласқан. Қақтығысты тоқтатуға шақырылған фельдшер жағдайды реттемек болғанымен, қарусыз қарсы тұрған сәтте атылған оқ жүрегін тесіп өткен. Ол оқиға орнында жан тапсырған.
Белгілі болғандай, марқұм еңбек демалысына шыққан және дәрігерлер арасындағы спартакиадаға дайындалып жүрген. Тіпті жарысқа қатысу үшін Ақтауға билет те алып қойған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс «Адам өлтіру» бабымен тергеліп жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
Материал авторы