SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша айыпталушы Ернар Жиембайға сотта соңғы сөз берілді.
Айыпталушы барша халықтан кешірім сұрап, соттан әділ шешім күтетінін жеткізді. Ол тағылған айыппен толық емес, ішінара келісетінін айтты.
«Маған тағылған айыппен жартылай келісемін. Бұл оқиға жайдан-жай болған жоқ. Сараптама қорытындылары да менің ақыл-есі дұрыс екенімді көрсетті. Себепсізден себепсіз қару алып, ешкімге оқ атқан жоқпын. Жәбірленуші Руслан Арысбекұлынан кешірім сұраймын. Қалай болғанда да оның денсаулығына ауыр зиян келтірдім», – деді Жиембай.
Ол қылмыстың саяси астары жоқ екенін, жағдай тек екеуара жеке мәселеден туғанын алға тартты.
Айыпталушы сөзінде ата-анасы мен екі баласын ойлап қиналып жүргенін, болған жайтты үлкен сабақ ретінде қабылдағанын айтты.
«Өкінемін. Егер уақыт артқа айналса, ондай қадамға бармас едім. Соттан Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі бойынша жеңіл жаза тағайындауды сұраймын», – деді ол.
Сондай-ақ Жиембай жәбірленуші тарапынан 25 миллион теңге өтемақы талап етілгенін айтып өтті. Оның сөзінше, бұл жағдай өзіне де моральдық тұрғыдан ауыр соққы болған.
«Қолыммен жасаған ісімді басыммен көтеремін. Алдымен Аллаға, одан кейін әділ сотқа сенемін. Тағы да барша қазақ халқынан кешірім сұраймын», – деп түйіндеді айыпталушы.
Сот төрағасы Әбінұр Қарабаев үкімнің 20 тамыз күні сағат 12:00-де жарияланатынын хабарлады.
RUS