SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша үкім шықты.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот айыпталушы Ернар Жиембайды ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Жаза орташа қауіпсіздік режиміндегі қылмыстық-атқару мекемесінде өтелмек.
Сот үкімінде Жиембайдың қылмысқа қатысы жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, заттай айғақтармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденгені атап өтілді.
Жаза кескенде сот айыпталушының бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын және өз ісіне өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ал ауырлататын жағдай ретінде оның қылмысты мас күйінде жасағаны көрсетілді.
Сот қылмысты аса ауыр санатқа жатқызып, жазаны қатаңдату қажеттігін айтты. Осыған байланысты жазаның жеңіл түрін қолдануға негіз жоқ деген шешім қабылданды.
RUS