Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді: Марқұмның кішкентай екі қызы жетім қалды
39 жастағы Ләззат Тасқынбаеваны күйеуі ұрып өлтірді деген күдікке ілінді. Марқұмның жақындары әділдікті талап етіп отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда ер адам жанжал үстінде 39 жастағы әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді. Қайғылы жағдайдан кейін отбасының екі қызы анасыз қалды. Stan.kz тілшісі марқұмның бөлесімен сөйлесіп, мән-жайды анықтады.
Желіде Майра Садуақас өз бөлесін күйеуі өлтіргенін айтып, әділдікке шақырды. Оның сөзінше, қайғылы оқиға 19 тамыз кешкісін болған.
Марқұм Ләззат Тасқынбаева күйеуі Тимурмен 14 жыл некеде тұрған. Ерлі-зайыптылардың 6-сынып пен 2-сыныпта оқитын екі қызы бар. Жақындарының айтуынша, ер адам балалардың көзінше әйеліне қол көтерген. Қазір қыздар интернатқа орналастырылған.
«Тимур жиі ішімдік ішетін, Ләззатты үнемі ұрып-соғатын. Бірақ ол ешқашан шағымданған емес. Құрбыларына ғана сырын ақтарып жүріпті. Тимур қатты қызғаншақ болды, тіпті соңғы үш жылда Ләззат жұмыс істей алмады. Ол бар өмірін отбасына арнады. “Балаларымның әкесі” деп күйеуін қатты сыйлады. Ұл туып беруді армандап кеткен еді», – дейді марқұмның бөлесі Майра Садуақас.
Оның айтуынша, полиция бұл істі бастапқыда мойындамаған. «Бұл қылмыс жай ғана тұрмыстық жанжал емес, адам өлтіру. Неге біз әлі күнге дейін “ұят болады” деп зорлық-зомбылықты жасырамыз? Бұл – адам өмірін қиятын үнсіздік. Сондықтан істің әділ қаралуын талап етеміз», – деді ол.
Алайда іс «Адам өлтіру» емес, Қылмыстық кодекстің 106-бабы, яғни «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, салдарынан адам өліміне әкеп соқтыру» бойынша тергеліп жатыр.
Атырау облыстық полиция департаменті де ресми түсініктеме берді:
«Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір кешенді тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді ПД баспасөз қызметі.
Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адам 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Материал авторы