Атырауда қаза тапқан фельдшердің туыстары ашық сот пен қатаң жаза талап етуде
Кемі 15 жылға соттау қажет дейді марқұм Азаматтың әпкесі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында жас фельдшер Азамат Асылбекұлының қатыгездікпен өлтірілуі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жаппай төбелес кезінде атылған оқтан мерт болған жігіттің қазасы тек туыстарын ғана емес, бүкіл өңірді дүр сілкіндірді.
Марқұмның отбасы үндеу жасап, қылмыскерлерді кешірмейтінін және әділ сотқа жету үшін соңына дейін күресетінін мәлімдеді.
«Жаның Жәннатта болсын, бауырым. Кім болса да – прокурордың не полицейдің туысы болса да, біз берілмейміз. Біз 15 жылдан кем емес жаза талап етеміз. Басқа жол жоқ. Әділет орнауы үшін осылай істеу қажет», – деді марқұмның әпкесі.
Туыстарының айтуынша, күдікті ретінде тоғыз адам қамауға алынған. Дегенмен олар үшін бастысы – алда болатын сот процесі.
Атыраулық қоғам белсендісі Әлия Романова да бұл істің жабулы қазан болып қалмауын талап етті.
«Біз бұл істің көлеңкеде қалып, “тыныш сотқа” айналуына жол бермейміз. Жақындары, әріптестері және бүкіл Атырау әділ үкім күтуде. Мұндай қылмыстарға көз жұма қарауға болмайды. Біз әділдік пен марқұмның рухы үшін ең қатаң жаза сұраймыз», – деді ол.
Қайғылы оқиға 17 тамызда болған. Жаппай төбелес кезінде жас фельдшерге оқ атылып, ол көз жұмған. Артында жақын арада босануға тиіс аяғы ауыр жары қалды.
Материал авторы