Еліміздің «Арақ королі» ұсталды
280 млн теңгенің спирті тәркіленген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысында заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Оны белгілі кәсіпкер, «Арақ королі» деген лақап атпен танымал Сұлтан Махмадов басқарған.
Агенттіктің мәліметінше, «БМ» ЖШС және оған қатысы бар өзге де компаниялар басшылығына қатысты қылмыстық топ құру және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактілері бойынша тергеу басталған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Махмадовтың басшылығымен топ лицензиясыз акцизделетін өнім – этил спиртін ірі көлемде өндіру, сақтау, тасымалдау және сату ісімен айналысқан. Заңсыз әрекеттерін жасыру үшін олар өндірісті биоэтанол мен мал азығына арналған қоспа шығару ретінде көрсеткен.
Іс жүзінде серіктестік аумағында өнеркәсіптік деңгейде этил спиртін өндіруге арналған толық жабдықталған жасырын зауыт ұйымдастырылғаны анықталды.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар бірнеше өңірді қамтитын өткізу желісін құрған. Этил спирті тұрақты арна арқылы Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ Шымкенттегі жасырын цехтарға жеткізіліп отырған. Бұл цехтарда одан тұрғындардың денсаулығына қауіпті суррогат алкоголь өнімдері дайындалған.
Жедел іс-шаралар барысында көлеңкелі айналымнан 122 мың литр этил спирті алынып, оның жалпы құны 280 млн теңгеден асқаны хабарланды.
Тінту кезінде өндірістік база аумағынан 18 майнинг құрылғысы табылды. Сондай-ақ 7 автокөлікке тыйым салынды. Қылмыстық істің ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Сұлтан Махмадов заңсыз алкоголь өндіру ісімен аты шыққан. Ол 2010 жылы осыған ұқсас қылмыс үшін сотталған. Оның «Арақ королі» лақап аты 2009 жылы үйқамақтан қашуға әрекет жасағаннан кейін танымал болды.
Ол кезде Махмадов күзетшілерді алдап, екінші қабаттағы терезеден секіріп, ауладан шығып кеткен. Далада күтіп тұрған көлікке отырып, белгісіз бағытқа жоғалған.
Махмадов құрған «БМ» ЖШС алғашында банкаларға қақпақ шығаратын шағын кәсіпорын болса, кейін құрама жем, құс еті, биоэтанол және қант өндірісін жолға қойған ірі компанияға айналған.
Қаржылық мониторинг агенттігі ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу деректерінің толық жарияланбайтынын атап өтті.
Материал авторы