SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі әнші Толқын Забированың анасы дүниеден өтті. Қаралы хабарды өнер иесі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«Анашым… Жұмағым… Өмір – сынақ, ештеңе мәңгі емес. Кішкентай ақ періштем менің, сен мәңгі жүрегімдесің! Біз сені жақсы көреміз, жаның жұмақтың төрінде шалқысын», – деп жазды ол.
Желі қолданушылары да әншінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтуда:
«Анаңыздың жатқан жері жайлы болсын, иманы саламат болсын», «Бекем болыңыз, анаңызға қатты ұқсайды екенсіз», «Қайғыңызға ортақпыз, Толқын Қалиқызы. Амал дәптері оңынан болсын», – деген жазбалар қалдырды көпшілік.
Айта кетейік, Толқын Забирова бұған дейін өзінің әкесін ешқашан көрмегенін айтқан болатын. Әншінің айтуынша, ол жалғыз перзент ретінде анасы мен әжесінің қолында өскен.
«Мен әкемнің қолынан ешқашан кәмпит жеген емеспін. Әкемді де көрген жоқпын. Балалық шағымда дастархан басында бір ер адамның отырғанын көргенім бар, бірақ ол кісіні танымаймын. Мүмкін әкем шығар. Балалар “әкем велосипед әкеліп берді” деп мақтанғанда, мен көрпенің астында жылап жататынмын. Мен үшін нағыз тірегім анам мен әжем болды», – деген еді ол бір сұхбатында.
Әнші үшін анасынан айырылу – орны толмас қаза. Қалың көпшілік өнер иесіне қайғырып, сабыр тілеуде.
RUS