SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар облыстарында 4 қыркүйек күні ауа райы қолайсыз болады деп күтілуде. «Қазгидромет» синоптиктері қатты жаңбыр, бұршақ, найзағай, желдің күшеюі мен шаңды дауылға байланысты дауылды ескерту жасады.
Атырау облысында күндіз қатты жаңбыр жауып, бұршақ пен дауыл болуы ықтимал. Түнде найзағай күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. Өңірдің шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысында 4–6 қыркүйек аралығында өрт қаупі жоғары деңгейде болады. Алакөл көлдері ауданында жел күшейіп, екпіні 15–20 м/с жетеді.
Батыс Қазақстан облысында найзағай мен бұршақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 20 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Қарағанды облысында түнде және таңертең тұман түсіп, солтүстік пен шығыста 2 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Өңірдің оңтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланды.
Ұлытау облысында да 4 қыркүйекте желдің екпіні күшейіп, аймақтың шығысында төтенше өрт қаупі болады.
Жамбыл облысында кей аудандарда желдің жылдамдығы 23 м/с-қа дейін жетеді. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында найзағай күтіліп, жел күшейеді. Облыстың оңтүстігінде өрт қаупі төтенше деңгейге жетеді.
Қызылорда облысының орталығында және шығысында шаңды дауыл болады деп болжанған. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Маңғыстау облысында кей жерлерде қатты жаңбыр мен бұршақ жауады. Түнде тұман күтіліп, төтенше өрт қаупі сақталады.
Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да найзағай, бұршақ, шаңды дауыл және күшті жел күтіледі. Кейбір өңірлерде тұман түседі.
Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында таңертеңгі уақытта тұман болуы мүмкін.
Мамандар тұрғындарға ауа райына байланысты сақтық шараларын сақтап, алыс жолға шыққанда мұқият болуды ескертеді.
RUS