445

Алматыда тұрғын подъездіні өз қаражатына жөндегені үшін айыппұл алды

Тұрғын подъезд алдына құрылыс материалдары мен қоқыс қойғаны үшін айыппұл арқалаған көрінеді.

Алматыда тұрғын подъездіні өз қаражатына жөндегені үшін айыппұл алды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы көпқабатты үйдің бір тұрғыны көршілеріне жағдай жасағысы келіп, подъездіні өз ақшасына жөндеуді бастаған. Бірақ оның бұл әрекеті күтпеген жерден әкімшілік жазаға ұласты.

Тұрғын болған оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Бейнежазбада ол полицейге: «Неге алдымен ескерту бермейсіздер? Бірден айыппұл салғандарыңыз қалай?» – деп сұрақ қояды. Учаскелік инспектор болса, кейбір заң баптары ескерту емес, тек айыппұл көздейтінін түсіндіреді.

«Өз есебімнен жөндеу жасап жатырмын. Кешке дейін бүкіл қалдықты жинап әкетемін. Соған қарамастан 39 мың теңге айыппұл жазып берді», – дейді тұрғын.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 27 тамызда Бостандық ауданын аралау барысында подъезд алдына құрылыс материалдары мен қоқыс қойылғаны анықталған. Осыған байланысты ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша хаттама толтырылған.

Ведомство өкілдері «Жөндеу жұмыстары кімнің қаражатына жасалса да, тұрғындарға қолайсыздық туғызатын қоқыс пен бөгеттер қоюға болмайды» деп атап өтті.

Материал авторы