Қазақстандықтар жаппай рубль сатып ала бастады
Қазақстанда доллар бағамы Ресейге қарағанда арзанырақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, рубльдің құлдырауы қазақстандықтарды ресейлік валютаны қайтадан белсенді түрде сатып алуға итермеледі. Бұған дейін олар керісінше рубльден құтылуға тырысқан еді.
Экономист Елдар Шамсутдиновтың айтуынша, 10 қыркүйектегі Қазақстан қор биржасындағы сауда нәтижелері рубльге деген сұраныстың күрт артқанын көрсетті. Бұл қызығушылық Мәскеу биржасында ресейлік валютаның 85 рубльге дейін әлсіреуімен тұспа-тұс келді.
«Бір күнде рубль саудасының көлемі KASE-де 47%-ға артты. Сауда нәтижесінде рубль–теңге жұбы 6,37–6,42 деңгейінде жабылды. Орташа бағам – 6,375 теңге. Жалпы айналым 5,43 млрд рубльді құрады, бұл KASE-дегі доллар саудасының шамамен 23%-ына тең», – деді сарапшы.
Экономистің сөзінше, Қазақстанда доллар бағамы Ресейге қарағанда арзанырақ. Мәселен, Мәскеуде 85 рубль – 541,9 теңгеге тең болса, қолма-қол нарықта айырмашылық тіпті айқын: 86,81 рубльге сатып алынатын доллар шамамен 553,6 теңгеге шығады. Осы алшақтық алыпсатарлыққа жол ашып отыр – Қазақстанда долларды арзанға алып, Ресейде қымбатқа сату мүмкіндігі бар.
Дегенмен, Шамсутдинов бұл арбитраждың нақты әсерін комиссиялар мен реттеуші шектеулер азайтатынын айтады.
Бұған дейін қазақстандықтар керісінше рубльді белсенді түрде сатумен айналысқан еді. Мысалы, мамыр айында олар ресейлік валютаны 35,7 млрд теңгеге сатқан. Ал тамызда елдегі айырбастау пунктерінде рубльдің шамадан тыс қоры жиналып, ол шамамен 100 млн долларға тең болды. Енді рубльдің долларға қатысты әлсіреуі бұл үрдісті өзгертуі мүмкін.
Материал авторы