Қазақ полицейлері халықаралық турнирде жүлдегер атанды
Жарысқа Қытай мен Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдары қатысқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық полицейлер Қытайдың Үрімжі қаласында өткен алғашқы халықаралық турнирде күміс медаль иеленді. Байрақты бәсеке Қытай мен Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдары арасында ұйымдастырылды.
Жарыс барысында қатысушылар еркін күрес, кикбоксинг, атыс және қылмыспен күрес пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған тактикалық жаттығулардан бақ сынады.
Қазақстан ІІМ құрама командасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алып, тек алаң иелері – Қытай құрамасына ғана жол берді.
«Бұл жетістік – күн сайын заң мен тәртіпті қадағалап жүрген қызметкерлердің жоғары физикалық дайындығы мен кәсіби шеберлігінің дәлелі», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, халықаралық турнир өткізу бастамасын Қазақстанның ішкі істер министрі көтерген болатын. Бұл идея 2024 жылы Ляньюньган қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы министрлердің алғашқы кездесуінде ұсынылған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар елдер арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, тәжірибе алмасуға және полицияның жауынгерлік дайындығын жетілдіруге жол ашады.
Материал авторы