Атырауда 9 жастағы баланы ұрып кеткен ер адам іздестіріліп жатыр
Белгісіз адам аулада ойнап жүрген баланы соққыға жыққан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау полициясы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған оқиға бойынша күдіктіні іздеп жатыр. 9 жастағы бала белгісіз ер адамнан соққы алғаны белгілі болды. Бұл туралы АқЖайық жазды.
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған. Кадрда кішкентай баланы белгісіз ер адам жерге құлатып, ұрып-соққаны байқалады. Бұл жағдай тұрғындар арасында үлкен наразылық туғызды.
Полиция мәліметінше, қазір оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша іс қозғалды.
«Жәбірленуші бала жеңіл жарақат алған. Қазір оған медициналық және психолог көмегі көрсетіліп жатыр. Полиция күдіктіні анықтап, ұстау үшін аула мен көшелердегі бейнекамералардан түсірілімдерді тексеріп, куәгерлерден жауап алуда», — делінген полиция хабарламасында.
Қалалық тұрғындар баланың жағдайына алаңдап, әлеуметтік желіде қатаң жазалау шараларын талап етуде. Олар мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуді, ауладағы бейнебақылау жүйесін жақсартуды сұрап отыр.
Департамент әзірге тергеу барысына қатысты өзге мәлімет таратқан жоқ.
Материал авторы