Атырауда ер адам 30 жыл бұрын айтылған сөз үшін әйелін өлтіріп, 15 жылға сотталды
Айыпталушы әйелін ұйықтап жатқанда атып өлтірген көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда 61 жастағы тұрғын әйелімен болған жанжалдан соң оны атып өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Ақ Жайық» жазды.
Қанды оқиғаға 30 жыл бұрын айтылған бір ауыз сөз себеп болған. 1990-жылдардың ортасында ер адамның танысы мас күйінде «қыздарыңның бірі сенен емес» деп айтып тастаған. Кейін досы сол сөзін жоққа шығарғанымен, күдік күйеуінің санасында қалып, жылдар бойы қызғаныш пен ашуға айналған.
Биыл мамырда ер адам бірнеше күн бойы ішімдік ішіп, әйелін тағы да опасыздыққа айыптаған. Таңғы уақытта аңшылық мылтығын алып, ұйықтап жатқан жұбайын атып тастаған. Кейін өзі полицияға хабарлап, қылмысын мойындады.
Сот оның әрекетін ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі 3-тармағы («дәрменсiз күйдегі адамды өлтіру») бойынша саралады. Үкімді судья Зарема Хамидуллина оқып, 61 жастағы азаматты 15 жылға қатаң режимдегі колонияға жіберді.
Материал авторы