Ақтөбеге Қытайдан 80 тоннадан астам уытты зат әкелінген
Улы заттардың ішінде есірткілер де анықталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда 22-26 қыркүйек аралығында есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және уытты заттардың заңды айналымын тексеруге бағытталған «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Іс-шара барысында медицина саласында заңды бұзған 202 қызметкерге қатысты 11 қылмыстық іс қозғалып, 278 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Тәркіленген заттардың ішінде шамамен 7 мың есірткі құрамды дәрі, 40 мың таблетка, 290 мың психотроптық дәрі, 236 мың ампула бар. Барлығы 519 медициналық мекеме тексерілді.
Өнеркәсіп саласында 60 заңбұзушылық анықталып, 2 мың тонна прекурсорға шектеу қойылды, 159 кәсіпорын мен 734 көлік тексерілді.
Ақтөбе облысында Қытайдан теміржол арқылы 80 тоннадан астам уытты зат әкелінгені белгілі болды. Оның жалпы құны – 86 миллион теңге. Шығыс Қазақстанда рецептсіз сатылған күшті әсер ететін дәрілерден 35 мың таблетка тәркіленді, ал Батыс Қазақстанда лицензиясы жоқ жергілікті тұрғын психотроптық препараттарды заңсыз сатқаны анықталды. Қарағандыда Астанадан келе жатқан автокөліктен 82 қаптама дәрі тәркіленді (құны 240 мың теңгеден асады).
Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, заң бұзғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.
Материал авторы