SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте тұрғын үй кешенінің құрылысында қайғылы жағдай болды. 24 жастағы жұмысшы Умиджан Балтабаев бесінші қабаттан құлап, оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмның анасы Фатима Ибрагимованың айтуынша, ұлы сол күні таңертең жұмысқа кеткен, алайда екі сағаттан соң оның қаза тапқаны жөнінде хабар жеткен.
«Ұлымды өз қолыммен жер қойнына тапсырдым. Таңертең аман-есен кеткен еді, ал түске жетпей қайғылы хабар жетті. Ол бесінші қабаттан құлапты», — дейді зар жылаған ана.
Қайтыс болған жігіттің әріптестері де құрылыс алаңында қауіпсіздік ережелері сақталмағанын алға тартып отыр.
«Лифтіге арналған ойық ашық тұрған. Сол жерден төмен құлап түсті. Басқа құрылыс нысандарында мұндай жерлер қоршалып, жабылып тұрады. Мұнда ештеңе болмады», — дейді марқұмның досы әрі әріптесі Азизбек Закиров.
Құрылыс компаниясының өкілдері журналистерге түсініктеме беруден бас тартқан. Ал полиция қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Белгілі болғандай, Умиджан Балтабаев әкесіз өскен, отбасының үлкені болған. Анасына және екі інісіне қолғабыс етіп жүрген жас жігіт жақын күндері үйленуді жоспарлап жүрген екен.
RUS