Атырауда ер адам 30 жыл бұрын естіген қауесеті үшін ұйықтап жатқан әйелін өлтіріп тастады
Атырауда әйелін қызғаныштан өлтірген ер адам 15 жылға сотталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда 61 жастағы ер адам әйелі ұйықтап жатқан сәтте оны атып өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот мәліметінше, оқиғаның түп-тамыры сонау 1990-жылдары басталған. Ол кезде ер адамның көршісі ішімдікке мас болып отырып, «қыздарының бірі сенен емес» деп айтқан. Келесі күні көршісі сөзін жоққа шығарғанымен, бұл күдік күйеуінің санасында орнығып қалды.
Сол уақыттан бері отбасыда сенімсіздік пен қызғаныш тұрақты жанжалға айналды. Ер адам әйелін жиі опасыздыққа айыптап, ішімдікке салынып кетті.
2024 жылдың мамыр айында ол бірнеше күн қатарынан ішімдік ішкен. 6 мамырда болған кезекті ұрыс-керістен кейін таңғы сағат 4:30 шамасында күйеу әйелінің қасында жатқанын көріп, сейфтен аңшы мылтығын алып екі рет атқан. Әйелі оқиға орнында көз жұмды.
Сот оның әрекетін ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі, 3-тармағы («Дәрменсіз күйдегі адамды қасақана өлтіру») бойынша саралап, қатаң режимдегі колонияда 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Материал авторы